
Бүгін, 22 қыркүйек, жексенбі күні түс ауа Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінің дерегіне сілтеме жасаған «ҚазАқпарат» тілшісі хабарлады.
«Мемлекет басшысы Қызылорда жеріне басқан қадамын биылғы оқу жылының басында ашылған «Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіннен» бастады. Жаңа мектепте облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова аймақтағы білім саласын дамыту бағытында жүзеге асып жатқан бағдарламасы жөнінде мәлімдеме жасады. Ал мектептің қызметі және білім бағдарламалары жөнінде Мемлекет басшысын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова таныстырды», - делінген хабарлама.
Республика көлемінде 14-ші болып ашылған айтулы оқу орыны биылғы жылы конкурстық негізде 553 озат оқушыны таңдап алды. Мектеп жаңа компьютерлік жүйемен, мультимедиялық кабинеттермен, интерактивті тақталармен, инновациялық бағдарламалық жүйемен жабдықталған.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында биылғы жылы жазда абаттандыру және көгалдандыру бағытында жүргізілген жұмыстармен танысты.
Сәкен Майлыбай.