Таразда соғыс ардагерлерін құттықтау жылдағыдан ерекше жағдайда өтті. Облыс еріктілері «Жеңіс» әнінің сүйемелдеуімен автокран арқылы 98 жастағы Мұсахан Бердібаев пен 94 жастағы Мүтәліп Ережепбаевтың балкондарына дейін көтеріліп, оларға гүл шоқтарын сыйлады. Жастар соғыс ардагерлеріне бүгінгі бейбіт күн үшін алғыстарын білдірсе, қарт майдангерлер өз кезегінде оларға ақ батасын берді. Алайда, Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, ардагерлерге құрмет пен ризашылық білдіру мұнымен толастамайды екен.
Бір айта кетерлігі, Ұлы Жеңіс күніне орай облыстағы 57 ардагерге 1 миллион теңгеден әлеуметтік көмек көрсетіліп отыр. Тыл еңбеккерлері де назардан тыс қалған жоқ. Соғыс жылдарында тылда 6 айдан астам жұмыс істеген 4247 адам 50 мың теңгеден алса, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың 350 жесірі мен мүгедектерінің әйелдері де осындай көлемде әлеуметтік көмекке қол жеткізді. Ал, Ленинград блокадасында болғандар мен концлагерьлердің бұрынғы тұтқындарына 60 мың теңгеден төленді.
Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар 100 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмекті иеленді. Барлығы 6650 адамға бір реттік әлеуметтік көмек көрсету үшін 500 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған. Мереке күндері облыс басшылығы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін арнайы құттықтайтын болады.
Жамбыл облысы