Аймақтар • 07 Мамыр, 2020

Көкшетауда әдеби-музыкалық журнал жарық көреді

423 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығында балаларға арналған «Зерек-Ботақан» әдеби-музыкалық журнал шығарылады. Республикаға тарайтын құнды басылымның құрылтайшысы Біржан сал атындағы музыкалық мектептің мұғалімі Айгүл Досмағамбетова. Бас редакторы Вячеслав Франк. Журнал балабақшалар мен мектептегі музыка мұғалімдері мен үйірме жетекшілеріне әдістемелік құрал ретінде ұсынылады. Қосымша ретінде аудио таспаға жазылған әндер топтамасы да бар.

Көкшетауда әдеби-музыкалық журнал жарық көреді

Айгүл Досмағамбетова Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Өнер иесінің айтуынша, балалар әнінің өз деңгейінде насихатталмай келе жатқаны балабақшалар мен бастауыш сынып оқушыларына арналған әдеби-музыкалық журнал шығаруға түрткі болды. Журналдың алғашқы шығарылымы 2012 жылы жарыққа шықты. Басылымның негізін қалаушыларының мақсаты – заманауи балалар музыкасы мен ән мәтіндерін қалыптастыру, осы тақырыпта еңбек етіп жүрген ақын-композиторларға рухани қолдау көрсету, өскелең ұрпақтың музыкалық таным-түсінігін кеңейту.

 –Журнал шығару қиын болса да, біз үшін өте қызықты. Талмай еңбектенудің нәтижесінде,  мерзімдік альманахтың бүгінде 100 шығарылымы жарыққа шықты. Оның әрқайсысында балаларға арналған дайын әндер мен музыкалық сүйемелдеулер жазылған, сонымен қатар өлеңдер мен ұлттық салт-дәстүрге құрылған дайын сценарийлер мен жұмбақтар да бар. Осы журналды жарыққа шығарудың арқасында мен көптеген талантты ақын, сазгерлермен, суретшілермен таныстым,–дейді Айгүл Досмағамбетова.

Журналдың оқырмандары көбейіп келеді. Негізінде журнал республика бойынша тарайды. Осы уақытқа дейін журнал арқылы балаларға арналған 300-ге тарта әні нотасымен, мәтінімен, аудио нұсқасы және әуенімен жарыққа шығарылды.

–Журнал 3 айда бір рет шығады. Бүгінде 500-дей оқырманы бар. Олар негізінен балабақша тәрбиешілері мен музыка мұғалімдері және балаларының шығармашылық қабілеттерін дамытуға ден қойған ата-аналар. Журналдың бірден-бір ерекшелігі оның қазақ және орыс тілінде болуы,–дейді журналдың бас редакторы Вячеслав Франк.

«Зерек-Ботақан» әдеби-музыкалық журналы облыстық «Алтын қалам» байқауында «Үздік баспа» деп танылған. Бір жақсысы, Айгүл Досмағамбетованың 100-ге тарта авторлық әні де бар.