Аймақтар • 07 Мамыр, 2020

Зеренділік диқандар дән егуге кірісті

733 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Егіс науқанын ерте бастағандардың бірі – «ҚосЕл Агро»  серіктестігі.  Қазір танап төсінде тәулік бойы жұмыс жүріп жатыр. 10 мың гектардан астам егістік алқабы бар кәсіпорын айдың соңына дейін дән егу жұмысын толық аяқтамақ.

Зеренділік диқандар дән егуге кірісті

Қазір диқандар екі мың гектар жерге арпа сеуіп жатыр. Жалпы 4 мың гектарға бидай, 1 мың гектарға зығыр дақылын егу жоспарлап отыр. Оған қоса, сұлы және қыша дақылдары сіңірілмек. Серіктестік 2 мың гектар жерді парға қалдырыпты. Биыл қар қалың болды. Ылғал мол болған соң диқандар мол өнімнен үмітті.  

–Биыл егін егуді сәл ертерек бастадық. Ауа райы қазір қолайлы болып тұр. Жердің ылғалдылығы да жақсы,–дейді бас агроном Денис Козлов.

Серіктестік директоры Александр Шевелкиннің айтуынша, көктемгі дән сіңіру жұмыстарына 80 адам жұмылдырылған. Олардың көпшілігі Симферополь селолық округінің тұрғындары. Олар үшін барлық әлеуметтік жағдайлар қарастырылған. Техникалар да жаңа.

–Төрт жарым мың гектар жерге ылғал жабу жұмыстарын жүргіздік. 1000 гектар жер егіс алды баптаудан өтті. Жалпы биыл 8 мың гектар жерге дән егеміз. Алдымен арпа, кейін бидай себуді жоспарлап отырмыз. Өнімділігі жоғары 3 егу кешені пен қосымша техникалар жұмылдырылады,–дейді «ҚосЕл Агро» серіктестігінің директоры Александр Шевёлкин.

Қырманда да жұмыс қауырт. Тұқым қоры қоймадан шығарылып, қажетті тыңайтқыштармен байытылып жатыр. Зеренді ауданы биыл 247 мың гектар алқапқа дән сеппекші. Оның ішінде майлы дәнді-дақылдар көлемі ұлғайтылып, 54 мың гектарға жеткізілмек.