Бүгін оңтүстіктегі ағайынға қол ұшын беру мақсатында Арқа төсінен инженерлік және су сорғыш техникалармен, сондай-ақ жүзу құралдарымен жабдықталған құтқарушылар тобы аттанып кетті. Олар Мақтаарал ауданының елді мекендеріндегі су басу салдарын жою бойынша апаттық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге көмек көрсететін болады.
Құтқарушылар тобы сапарға аттанбас бұрын, Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Ибрагим Күлшімбаев жеке құрамның дайындық барысын тексеріп, нұсқамалық әңгіме өткізді. Негізгі назар жеке құрамның, техника мен жабдықтардың әзірлігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ техника қауіпсіздігі мәселелеріне аударылды.
Аталған департамент басшысы жеке құрам құтқарушыларына жүктелген міндеттерді орындау барысында барынша төзімділік таныту талап етілетіндігін ескертті.
Еске салсақ, мамыр айының 1-ші жұлдызында тынбай жауған нөсер мен қатты соққан дауылдан кейін Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, соның салдарынан Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының бірнеше елді мекені су астында қалып, жергілікті тұрғындар зардап шеккен болатын.
Қарағанды облысы