Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров қатысып, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың және Парламент депутаттарының атынан кездесуге қатысушыларды осынау аса маңызды мерекемен құттықтады.
Сенат Төрағасының орынбасары еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған Қазақстан тәуелсіздік жылдарында достық пен ынтымақтастықты, тату көршілік пен ықпалдастықты нығайту жолында келе жатқанын атап өтті. Бүгін біз Жеңіс мерекесін достарымызбен және бауырларымызбен қуана қарсы алудамыз.
«Әрбір қазақстандық отбасы соғыс ауыртпалығын бастан кешті. Республикадағы 6 миллион 200 мың адамның 1 миллион 200 мыңы Кеңес әскерінің жауынгерлік туы астында шайқасты, 700 мыңға жуық еңбекшілер жұмыс колонналары сапында еңбек етті. Осылайша, соғыс күндері республика халқының төрттен бірінен астамы әскер мен еңбек армиясы қатарына қосылды.
Соғыстың алғашқы сағаттарында Қазақстан аумағында әскер бөлімдері мен бөлімшелер құрыла бастады, олар жанқиярлықпен жаумен шайқасты, ерлік көрсетті. Олардың ішінде қазақ халқының даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы айқасқан 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясы да болды. Отан астанасы – Мәскеуді қорғаған батырлар халық жадында мәңгі қалды», - деп атап өтті А.Шәкіров.
Сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғаны аталып өтілді. Осы жоғары атаққа Шығыс әйелдерінің арасында қазақ қызы Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова ие болды.
Төраға орынбасары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтардың пікірін білдіре келіп, «тарихты бұрмалауға және жеңіске жетудегі Кеңес Одағының негізгі рөлін жоққа шығаруға болмайды – бұл тарихи ақиқатқа қарсы шығу дегенді білдіреді» деген болатын», - деп атап өтті А.Шәкіров.