Аймақтар • 07 Мамыр, 2020

Биыл Солтүстік үлкен құрылыс алаңына айналады

254 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің «Жұмыспен қамтудың жол картасын» талқылаған отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов осылай деп мәлімдеді. Жалғыз бұл бағдарлама емес, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Ауыл ел бесігі» бағдарламаларының орындалуын қоса алғанда биыл 187 түрлі құрылыс жұмыстарын іске асыру көзделіп отыр. Облыстық бюджеттің шығыс бөлігін нақтылау барысында бұл істерге 300 млрд теңге қаражат бөлінбек болып шешілген.

Биыл Солтүстік үлкен құрылыс алаңына айналады

Әлеуметтік нысандар құрылысы қатарында биыл 100 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қызылжардың «Береке» шағын ауданында осы заманғы талаптарға толық сай келетін емхана салынбақшы. Мәдениет саласының 32 нысаны күрделі және ағымдық жөндеулерден өткізіледі.

Осыған байланысты Құмар Іргебайұлы ерекше пікір білдірді. «Бұрын біз аңғарадай мәдениет үйлерін тұрғызып, оларды тек концерт көруге, жиналыс өткізуге ғана қолданып келдік. Басқа уақыттарда тек орындықтардан тұратын олар жарық, жылу, күзет шығындарын босқа шығарып, қаңырап тұратын. Міне, осындай құрылыстарды қазір спорттық шаралар өткізуге де бейімдеу керек. Олардың ішіне тренажерлер орнатып, фитнес клубтар ұйымдастыруға болады. Сонда мәдениет үйлері тиімді пайдалынатын болады», деді ол. 

Сонымен бірге биыл 777 шақырымдық жолдар жөнделетіндігі белгілі болды. 76 елдімекенге таза ауыз су жеткізу мәселесі шешіледі екен. Осы жұмыстардың бәрі жаңадан 6400 жұмыс орындарын ашады.

Сонымен бірге нысандар құрылысының жобасын іске асыру конкурсына түсетін үміткерлерге талаптың күшейетінін жеткізді. Әрбір компания өздері алыстан тартатын жұмыскерлеріне 85 мың теңге қоныстану қаражатын төлеуге міндеттелетін болған. Сонымен бірге әкім субмердігерлік деген болмайтынын атап айтты. «Конкурсты жеңіп алғаннан кейін әрбір компания 3 күннің ішінде жүргізілетін жұмыстың сызбасын жасауы керек. Ал оның орындалуын халық арасынан шақырылған белсенді азаматтар, журналистер мен блогерлерден, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құралатын комиссия қадағалап отырады. Сызбадан ауытқыған жағдайда біз келісімшартты бірден үземіз», деді Қ.Ақсақалов.

Сонымен бірге әкім құрылысқа 90 пайыздық отандық материалдар қолдануы керектігін айтты. Соның ішінде облыс аумағындағы құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындардың өнімдері қолданылмақ. «Алайда, осы талапты пайдаланып, кәсіпорындар өз өнімдерінің бағасын өсіріп жібермеуі қадағалансын», деді әкім.

Сөйтіп, Терістікте биыл құрылыс қарқынды жүргізілмек. Карантин режімін сақтауда облыс алдыңғы қатардағы аймақтар қатарынан табылып, жаман індеттің өрістеуіне жол бермеген еді. Енді құрылыстарды да сол қарқынмен атқарса құба-құп.

 

Солтүстік Қазақстан облысы