Аймақтар • 08 Мамыр, 2020

Ақтауда полицейлер балаларға мереке ұйымдастырды

199 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Отан қорғаушылар күнін және Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу қарсаңында Маңғыстау облысының Полиция департаментi мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленетін арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барды, деп хабарлайды Маңғыстау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.

Ақтауда полицейлер балаларға мереке ұйымдастырды

Департамент басшылығының бастамасымен ерекше балаларға арналған  шағын мерекелік шара ұйымдастырылды.

Балалар қонақтарға арнап әндер шырқап, қызықты оқиғаларымен бөлісті. Олар сонымен қатар полиция қызметкерлерімен бірігіп «Жеңіс күні» әнін шырқады.

Мұғалімдер «Көңілді старт» спорттық іс-шарасын ұйымдастырып, тәрбиеленуші балалар мен полиция қызметкерлерінен құралған екі команда өзара жарысқа түсті. Бұл тартыс ойынға балалар да, ересектер де белсенді қатысып, нәтижесінде  достық жеңіске жетті. Полицейлер балалармен әңгімелесіп, оларды мерекемен құттықтады, балаларға базарлық ретінде велосипедтер, ойыншықтар  сияқты түрлі сыйлықтармен қуантты.

Маңғыстауда полицейлер үшін мереке қарсаңында балалар үйінің, әлеуметтік орталықтардың қамқорлығына алынған балаларына бару дәстүрге айналған. Бірнеше жыл бойы балалар мен полиция қызметкерлері достық қарым-қатынасты дамытып келеді.