Жұмысты ұйымдастырушылардың бірі, «Белсенді азамат» жобасының жетекшісі Сабир Ниязов суретті салу идеясының былтыр пайда болғанын айтады.
– Бұл – қалаларға тән заманауи өнер. Көркемсуреттегі жанрдың мұндай түрін мурал деп атайды. Мұның эскизін жасауға және демеуші табуға облыс пен қала әкімдері көмектесті, – дейді ол.
Қаладағы орталық көшелердің бірі – Нұркен Әбдіров даңғылындағы №4 үйдің қасбетіне қолына ақбөкеннің лағын ұстап тұрған қорықшының суретін қылқалам шебері Шыңғыс Қасымов салып жатыр. Суретші жұмысты екі аптаның ішінде аяқтайтынын айтады.
Мурал толық біткен соң, оның астыңғы жағына Ерлан Нұрғалиевтің өмірбаяны мен қызметі және ерлік ісі туралы қысқаша ақпарат жазылған тақтайша қағылады.
Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, облыс орталығында алдағы уақытта батыр ұшқыш Нұркен Әбдіровтің бейнесі кескінделген тағы бір мурал салынбақшы.
«Осылайша бұл жұмыс ағартушылық, өлкетанушылық қызметтерін де атқарады», дейді жарқын идея, жақсы істің жуан ішінде жүрген «Белсенді азамат» жобасының жетекшісі.
Еске салсақ, қорықшы Ерлан Нұрғалиев ақбөкендерді қорғау жолында браконьерлердің қолынан былтыр қаза тапқан болатын.