Руханият • 08 Мамыр, 2020

Жеңіс рухы жоғары

185 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстың барысын көркем тілмен кестелеп, «Шырағың сөнбесін» деген тамаша роман жазған саңлақ суреткер Тахауи Ахтановтың кіші отанында Жеңістің 75 жылдың тойы негізінен әлеуметтік желілер мен онлайн режимінде ажарлана түсті. Мереке қарсаңында Ақтөбе аймағынан шыққан Кеңес Одағының батырлары мен барлық соғысқа қатысушылардың портреттері қала көшелеріндегі led-экрандарға ілінді. Сондай-ақ Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Аqtobe» телеарнасының бірлескен шығармашылық байланыстары бойынша «Күткен күн» атты жоба жүзеге асты.

Жеңіс рухы жоғары

Қасиетті де қасыретті, көзге жас келтіріп, көңілге мұң ұялататын айрықша атаулы даталы күнге Ақтөбе облысы бойынша 29 майдангер аман есен жетеді деп күтілген-ді. Әйтсе де мерекеге санаулы күндер қалғанда олардың бірі өмірден озды. Биылғы Жеңістің 75 жылдық мерекесінің тағы бір ерекшелігі майдангерлерге берілетін сыйақы бір ізге түсіріліп олардың әр қайсысына мемлекет тарапынан бір миллион теңге беру жөнінде шешім қабылданғаны мәлім. Айта кетерлік жәй бұл қомақты сыйақы бұдан бір екі күн бұрын өмірден озған майденгердің отбасына да берілді.

Қалған 28 соғыс мүгедегі мен соғысқа қатысушылардың бәріне де жергілікті атқарушы органдар тарапынан лайықты сый-сыйапат пен құрмет көрсетілді. Соның ішінде өңірде тұратын 6795 соғыс пен тыл ардагерлеріне облыстық бюджеттен жалпы сомасы 341 миллион теңге көлемінде материалдық көмек берілді. Мұның сыртында «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы жеңістің 75 жылдық мерекесі шеңберінде екінші дүниежүзілік соғыстың қаһармандары мен қатысушыларын мәңгі есте қалдыру үшін әлеуметтік желілерде #qaharman челенджін жүзеге асырды.

- Ақтөбе өңірінің  барша халқымыз төрт жыл күткен жеңісті жақындатуға қосқан үлесі қомақты. Майданда жауға қарсы атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды деген қалыптасқан тұжырым бар.  Ақиқаты да осы екені анық. Бұл істе 1941-1945 жылдары Ақтөбедегі қорғаныс кәсіпорында шығарылған қару-жарақ түрлері де елеулі рөл атқарды деп білеміз. Екіншіден соғыс кезінде Ақтөбеде жасақталған қос бірдей атқышлар дивизиясы соғыс қимылдарының оң жаққа бет бұруына ықпал жасағанын ұмытпауға тиіспіз. Рас, адам шығындары да аз болған жоқ. Бұл жеңістің оңайлықпен келмегенін көрсетеді. Жеңістің тәлімі мен тағылымы өте мол. Оның рухы бүгінгі ұрпақты өз елін қоғай білу мен отаншылдық сезімді тереңдете түсуге қызмет жасай бермек. Жеңіс мерекесі құтты болсын деді газет тілшісіне Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

АҚТӨБЕ