24 Қыркүйек, 2013

Өткені – тарих, бүгіні – кемел

1004 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжге – 110 жыл

uchitelskaya-seminariya

Республикамызда мұғалім кадр­ларын даярлайтын алғашқы оқу орны, бүгінде құрылғанына 110 жыл толып отырған Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж алғашында мұғалімдер семинариясы болып ашылған. 1920 жылы халыққа білім беру инс­титуты болып өзгерген. 1922 жылы осы оқу орнының негізінде екі педтехникум (қазақ, орыс) жұмыс істеген. 1937 жылы педтехникум базасында екі педучилище құрылған. 1953 жылы екі педучилище біріктіріліп, К.Ушинский атындағы педагогикалық училищеге айналған. Жабылып қалып, қайта ашылған. 1967 жылы оқу орнына ұлы қаламгер М.Әуезов есімі берілген. Кейін заман ағымына қарай педучилище колледж болып құрылған.

 Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжге – 110 жыл

uchitelskaya-seminariya

02-семецРеспубликамызда мұғалім кадр­ларын даярлайтын алғашқы оқу орны, бүгінде құрылғанына 110 жыл толып отырған Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж алғашында мұғалімдер семинариясы болып ашылған. 1920 жылы халыққа білім беру инс­титуты болып өзгерген. 1922 жылы осы оқу орнының негізінде екі педтехникум (қазақ, орыс) жұмыс істеген. 1937 жылы педтехникум базасында екі педучилище құрылған. 1953 жылы екі педучилище біріктіріліп, К.Ушинский атындағы педагогикалық училищеге айналған. Жабылып қалып, қайта ашылған. 1967 жылы оқу орнына ұлы қаламгер М.Әуезов есімі берілген. Кейін заман ағымына қарай педучилище колледж болып құрылған.

Семей мұғалімдер семина­рия­сының тұңғыш директоры Петербург университетінің түлегі Александр Владимирович Белый еді. 1905 жылы бұл білім ұясында қырғыз (қазақ) тілі оқытушысының қызметі енгізіліп, оған Нұрғали Құлжанов шақырылған. Сонымен бірге, француз, неміс және латын тілдері сабағы да енгізілген екен. Ол пәндерді әр семинарист өз қалауы бойынша таңдап, бос уақытта жұмасына екі рет сабақ алуы тиіс болған.

03-семей

Қазақтың талантты жастары оқыған Семей мұғалімдер се­ми­нариясы шәкірттері мәдени шараларға, оның ішінде ұлттық ойын-сауықтарды ұйымдастыруға ұйытқы болған. 1914 жылы Абай­­дың қайтыс болғанына 10 жыл толуына арналған әдеби-эт­но­гра­фиялық, музыкалық өнер ке­шін өткізуге семинария мұға­лім­дері Нәзипа мен Нұрғали Құл­жа­новтар және қазақ жастары ұйытқы болғанын «Айқап» журналының №4 санында жазылған мақала айғақтайды.

Мұғалімдер семинария­сында Ә.Сәтбаев, М.Әуезов, Ж.Ай­ма­уытов, Қ.Сәтбаев, Қ.Нұр­мұха­метов, Б.Сәрсенов т.б. ұлт зиялылары білім алып, ағартушылық, қайраткерлік, жазушылық, ғалым­дық қадамдарын бастаған.

Заманымыздың заңғар жазушысы, оқу орнының түлегі М.Әуезов 1912-1919 жылдары мұ­ға­лімдер семинариясында оқып, алғашқы шығармашылық-ағар­тушылық ізденістерін осы қабырғадан бастаған. Бұл туралы ғалым Қайым Мұхамедханов төмендегідей мұрағат деректерін келтіреді: «1912-1913 оқу жылында семинарияның бірінші класындағы оқушы саны – 33. Олардың ішінде: крестьян баласы – 18, казактар – 5, мещан – 4, чиновник – 3, обы­ватель – 1, шо­қын­дырылған қазақ – 1, қазақ – 1 (Мұхтар). 20 оқушы екінші класқа көшірілген. Ал олардың ішінде екі оқушы педсоветтің қаулысында «переводится с наградой» деген баға алған. Олар: Петров Александр Матвеевич (шаруа баласы) және Мұхтар Әуезов».

1917 жылы Шыңғыстау же­ріндегі Ойқұдық жайлауында «Еңлік–Кебек» оқиғасы бойынша драмалық шығарма қойылғаны тарихтан мәлім. Оны ауыл жас­тарының күшімен Әйгерімнің киіз үйінде Мұхтар Әуезов қойған. Семинаристің театр өнерімен ең алғаш айналыса бастаған кезі.

Жүсіпбек Аймауытовпен бір­ге 1918 жылы «Абай» журналын шығарып, халқымыздың тарихы мен тағдыры жайлы кемел ой қозғайтын кезеңі де осы уақыт. Мұхтар Омарханұлының ұлттық ой сананы ояту ісіне бел шеше кірісіп, «Сарыарқа», «Қазақ тілі» газеттерінде мақалаларын үзбей жариялаған тұсы да осы кез. Ең алғаш қазақ топырағына соны өнер – футбол ойынын ұйым­дастырушылардың бірі, «Ярыш» футбол командасының белсенді мүшесі, жалынды жас семинарист тағы да Мұхтар Әуезов еді. «Ярыш» футбол командасы 1913 жылы қыркүйек айында қ ұрылған екен.

Жүсіпбек Аймауытов 1914-1919 жылдары семинария­да оқыған жылдары оқумен бір­ге, шығармашылық ізденісін өріс­тетіп, 1915 жылдың ақпа­нын­да «Қазақтардың әдеби-музы­калық қайырымдылық ке­шін» ұйымдастырып, сауықтың бі­рінші бөлімінде «Біржан мен Сара айтысын» сахнаға қой­ған режиссер-семинарист Ж.Аймауытов еді. Осы қойылымда Біржанның рөлін орындаған әнші әрі домбырашы, бесаспап өнер иесі де оқушы Ж.Аймауытов болатын. Ол «Ескі тәртіппен бала оқыту», «Рәбиға» пьесаларын осы жылдары жазған.

Жүсіпбек Аймауытов пен Мұх­тар Әуезов 1918 жылы «Абай» журналының бетінде бірнеше ма­қа­ла жариялаған.

Оқу ғимараты

Оқу орнының жарқын бір беті – Қазақ ғылымының тұңғышы, академик Қаныш Сәтбаев есімімен тікелей байланысты. Қаныш Иман­тайұлы 1914-1919 жылдары семи­нарияда үздік оқығандығына қатысты мұрағат деректері мол.

Қ.Сәтбаев осында жүріп замандас, сыйлас, тағдырлас М.Әуе­зовпен, Ж.Аймауытовпен табысыпты. Семинарияны бітіргеннен кейін ол қазақ мұғалімдеріне арналған екі жылдық педагоги­калық курстарда жаратылыстану пәндерінен сабақ берген. Дәл осы жылдары қазақ мектептеріне арналған ал­ғашқы алгебра оқулы­ғын жаза бастаған.

Бұл білім ұясы түлектерінің бірі – Қазы Нұрмұхаметұлы. Жалындап тұрған Қазы Алаш милициясының басшысы болып, соғыс өнеріне жаттықтырып жүргенде, большевик солдаттарының қолынан қапыда қаза болған. Оның өлімі туралы сол уақыттағы газет бет­терінде көптеген материалдар жа­рияланған. Біріне көз жүгіртелік: «Қазының денесін қабірге қойып, құран оқылып болған соң, Шә­кәрім ақсақал: – Әлеумет! Мына жат­қан кім, білесіңдер ме? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құр­бан қылған Алаш азаматының тұңғышы. Мұны өлді демеңдер, бұл өлген жоқ. Бұл бүгінгі және мұнан соңғы «ұлтым» деген азаматтар, мына мен сияқты болып, «ұлтым» деңдер деп өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті. Марқұмның аты да Қа­зы еді, Қазы – би деген сөз. Қа­зы билігін айтып кетті» – деп тебіренген екен.

Мұғалімдер семинариясында алғашқы жылдары оқыған санаулы қазақ жастары өзге ұлт өкілдері арасында зор ынтасымен көріне біліп, сабақ берген оқы­тушыларын мойындатыпты. Мұсылман балалары: ағалы-інілі Биахмет және Жанахмет Сәрсеновтер, Абдұлғазиз Болатов, Жүніс Иманқұлов, Рақымбай Са­пақов, Имамағзам Әлімбеков, Кенжебай Көбеков, т.б.

Оқу орнына 1905 жылы түсіп, 1909 жылы бітірген көрнекті алаш қайраткері, ағартушы, педагог Биахмет Сәрсеновтің есімі 1921 жылдары Орынбор қаласындағы жетім балалар үйіне берілген екен.

Мұғалімдер семинариясы 1920 жылғы қыркүйекке дейін жұмыс жасап, халыққа білім беру инс­титуты болып қайта құрылған. 1922 жылы осы оқу орнының құрылымдық негізінде екі педа­гогикалық техникум (қазақ, орыс) ашылады. Екі жылдан кейін инс­титут жабылып, оның барлық мүлкі Семей педагогикалық техникумына берілген. Техникумға 1922 жылы директорлыққа Әбі­кей Сәтбаев тағайындалған. Ол басшылық жасаған жылдары Ле­нинград университетінде оқып жүрген М.Әуезовті шақырыпты. Ұлы Мұхтардың қазақ әдебиеті тарихы, әдебиет теориясы пән­дерінен сабақ бергендігі туралы құжаттар Семейдегі мұрағатта сақтаулы.

Әбікей Зейінұлы Сәтбаев зия­лы адам болған. Қаныш Сәт­баевтың өзінің немере ағасы Әбі­­кейді аса құрметтеуі соған дә­лел. Өмір­баян­дық анкетасының бі­рінде Қаныш Сәтбаев: «Алған білімім үшін немере ағам, ескі интеллигент Ә.З.Сәтбаевқа өзімді өмір бойы бо­рыштымын деп санаймын» – деп жазған.

Қазақ педагогикалық техникумында көрнекті алаш қайраткері Халел Ғаббасов, педагог, журналист Сейітбаттал Мұстафин, педагог, жазушы, драматург Тайыр Жомартбаев, ұстаздық қызметпен қоса, театр өнерінің дамуына елеу­лі үлес қосқан Ғалиақпар Тө­ре­баев, ағартушы-журналист, педагог Мәннан Тұрғанбаев, білікті ұстаздар И.Ф.Виноходов, Е.И.Мертвецов, т.б. жемісті еңбек етті. Ә.Сәтбаевтан кейін қазақ педагогикалық техникумы мен училищесін 1930–1940 жылдары А.Жиенғалиев, Ш.Мұхаметов, К.Хамитов, Т.Жайықбаев, Т.Му­син, М.Муртазин басқарған.

Осы педтехникумнан оқып, тәлім-тәрбие алған акаде­мик Әлкей Марғұлан, тарих ғы­лымдарының док­торы, профес­сор Мұсатай Ақын­жанов, 1941–1955 жылдары Қазақ ССР оқу министрі болған, педагоги­ка ғылымдарының докторы Әбді­хамит Сембаев, Қазақ ССР ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаев, белгілі журналист Ғайса Сармұрзин, талантты ақын, журналист, педагог Тұрлыхан Қасенұлы, Социалистік Еңбек Ері Жақия Шайжүнісов, т.б. атап өтуге болады.

Семей педтехникумын 1925 жылы тұңғыш бітіріп шыққан он бір азаматтың суреттері сақтаулы тұр. Онда Әлкей Марғұланның да бейнесі бар.

Ұлы Отан соғысының отты жылдарында оқу орнының көп­теген түлектері майданға аттанып, Отанымызды жаудан қорғап, жанқиярлық ерліктер көрсеткен. Кеңес Одағының Батырлары Із­ғұт­ты Айтықовты, В.А.Шуля­ти­ковты, В.Бунтовскихты бүгінгі ізба­сарлары құрметпен еске алады.

Халқына қаламымен тер төгіп, еңбек еткен Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов та 1938 жылы осы оқу орнына түскен. Туған халқын әсем са­зымен тербеткен, әуені әр ұр­пақтың жадына жатталған белгілі сазгер Бекен Жамақаев та 1947-1950 жылдары білім алып, өнер баспалдағына өрлегені бізге мақ­таныш. Педагогикалық учи­ли­щенің директорлығына іскер басшы, ұлағатты ұстаз А.Бекбаев тағайындалып, оның бастамасымен және педагогикалық ұжы­мының қолдауымен 1967 жылы 6 желтоқсанда М.Әуезовтың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Үкімет төрағасының бұйрығымен білім ордасына ұлы жазушының есімі берілді. 400 орындық жа­тақхана салынды. М.Әуезовтың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында байырғы ғимаратқа қатарлас жаңа оқу мекені пайдалануға берілді.

1987 жылы А.Бекбаевтың зейнеткерлік демалысына шы­ғуына байланысты педа­гогикалық учи­лищенің бас­шылығына М.Мұ­хамеджанов келді. Ол қайта құру кезеңінің қиыншылықтарына қарамастан оқу орнының қалып­тасқан тамаша дәстүрін одан әрі сақтап, оқу-тәрбие үрдісіне белсене араласты.

Еліміздің тәуелсіздік алуымен байланысты әлемдік білім беру кеңістігіне шығуымыз білім беру жүйесіне де жаңа өзгерістер мен жаңалықтар ала келді.

Семей педагогикалық колледжі өзінің 110 жылдық даму тарихында маңызды өзгерістерге қол жеткізді, жаңа тұрпатты білім ордасына айналды. Осы уақыт ішінде білім ордасы мыңдаған маман дайындап шығарды. Бүгінде олар еліміздің білім беру саласында, сондай-ақ, көптеген жақын және алыс шетелдерде еңбек етеді. Оқытушылар құрамы сандық әрі сапалық жағынан өсті.

Іргелі білім ордасында 120-дан астам мұғалім жұмыс жасайды. Бүгінде колледждің 4 оқу ғимараты, 1 жатақханасы, 53361 дана кітап қоры бар кітапханасы мен оқу залы, интернет жүйесіне қосылған 5 компьютерлік сыныбы, 3 лингафонды кабинет, интерактивті тақта қойылған 20 оқу бөлмесі, 2 мультимедиялық кабинет, 3 спорт залы бар. Оқу орнында колледж тарихына арналған мұражай жұмыс істейді.

Колледждегі 32 оқу каби­нетіне оқу орнының айтулы түлектерінің есімі берілген. Ел болашағына еңбегін арнаған ұлтжанды азаматтардың, бел­гілі кәсіпкер–меценаттардың қар­жы­ландыруымен оқу орнының тарихында тұңғыш рет алты атаулы оқу кабинеті демеушілер демеуімен ашылды. Олардың қа­тарында Мәжіліс депутаты Рамазан Сарпеков, «Ақшың» кор­порациясының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбаев, Шай­жүнісовтер әулетінің атынан – ел ағасы Мәркен Шайжүнісов пен іскер-басшы Тоқан Шайжүнісов, «Силикат» АҚ президенті, облыс­тық мәслихаттың депутаты Борис Адианов, ел тарихын құрмет тұтқан Бағлан Шегедековтер бар.

Өткені тарихқа айналып, бү­гінгі тынысы кемелденген білім ұясының тағылымы мен табысы осындай.

Шағангүл ЖАНАЕВА,

Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің

директоры, филология ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің

құрметті қызметкері.

СЕМЕЙ.

Соңғы жаңалықтар