Қоғам • 08 Мамыр, 2020

Ұшақ бағасы қолжетімді

497 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ақтөбе» халықаралық әуежайы өткен жылы коммуналдық меншікке көшіріліп, жергілікті атқарушы органның құзырына енгізілді. Бүгінгі күн биігінен қарастырғанда бұл оңтайлы шешім болды деуге толық негіз бар. Яғни сол кезден бастап мұнда жолушыларға жайлы да ыңғайлы жағдайлар туғызу жолдары белгіленіп, жүзеге аса бастады. Соның ең бастысы әуежай өрісін өсіріп, сапалы әрі арзан қызмет түрін ұсыну жөніндегі бастамалар.

Ұшақ бағасы қолжетімді

Айталық, биылғы 2020 жылғы ақпан айының аяғында Нұр-Сұлтан мен Ақтөбе қалаларының аралығында ұша бастаған әуе рейсінің бағасы қарапайым тұрғындар мен студенттер және зейнеткерлер үшін қолжетімді болып отыр. Яғни алдын-ала жоспарлаған жағдайда Ақтөбеден Нұр-Сұлтан қаласына ұшып бару үшін 7999 теңге немесе Алматыға 11999 теңгеге әуе билетін сатып алуға болады.

Әлеуметтің қарым-қатынас жасауы үшін жасалған оңды қадам «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер Фостер мен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің өткен жылы жасаған өзара уағдаластығынан кейін шешімін тапты деуге әбден болады. Соның нәтижесінде биылғы жылдың басында «FlyArystan» әуе компаниясы Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қаласының арасынан жаңа рейс ашатындығы белгілі болды. Сондай ақ осы екіжақты кездесуде «Ақтөбе» халықаралық әуежайында компанияның өңірлік базалық бекетін құру жөнінде де іскерлік сипаттағы әңгімелер қозғалған-ды.

Бүгінгі күні оның бәрі құр бос сөз күйінде қалмай, нақты іске айналғаны, сөйтіп аталған аралықта заманауи Airbus A320 әуелайнері республикамызда төтенше жағдай жарияланған кезге дейін аптасына төрт рет қатынай бастағаны айқын айғақ. Оның Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қалалары арасына ұшу ұзақтығы 1 сағат 50 минутты құрайды. Әуе тасымалдаушылардың айтуынша алдағы маусым және шілде айынан бастап 180 орынға арналған комфортабельді  ұшақтар Ақтөбеден Алматыға ұша бастамақ.

- Алдағы уақытта компанияның жаңа бекеті Қарағанды қаласында да ашылады. Сол уақытта жолаушылар Ақтөбе мен Қарағандының арасына ұшақпен тікелей қатынай алады. Біз бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар  өкілдерімен тек ішкі рейстер ғана емес, сонымен бірге шет елдерге де бағыттар ашу жөнінде келісімге келуді ойластырып отырмыз. Бұл істің бірінші легінде «Ақтөбе» халықаралық әуежайы тұр деді газет тілшісіне.  «FlyArystan»  әуекомпаниясы жер үсті қызметінің директоры Данияр Өскенбаев.

Айта кетерлік жайт, елімізде Сovid-19 індеті басталған уақытқа дейін жоғарыда аталған бағыттарға ұша бастаған рейс салондарында жолаушылар толық және толыққа таяу болғандығы. Бұл көрініс жаңа бағыттар қай тұрғыдан да тиімді бола алатынын танытса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы әуе билетінің бағасы негізсіз өспеуі, әрі қымбаттамауы, бұл бағытта орын алған үстірттіктер ретке келтірілуі керектігін атап өткені мәлім. Бүгінгі материалымызға арқау болған деректер Президент тапсырмасына орай тындырылған оң қадамның бірі бола алады демекпіз.