Аймақтар • 09 Мамыр, 2020

Тоғызақ айдаһары туралы не білеміз?

705 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1941 жылы Тобыл өңіріне Украина мен Ресейден бірнеше зауыт-фабрика эвакуацияланды. Солардың бірі – Мәскеу маңындағы Егорьевск қаласынан көшіп келген «Комсомолец» әскери зауыты. Қазіргі Қарабалық ауданының бертінге дейін Комсомол ауданы болып келуі де осы кәсіпорынмен байланысты. Зауыттың өндірістік құрылғылары 1941 жылдың күзінде 52 вагонға тиеліп әкелініп, Тоғызақ стансасына түсірілген.  1942 жылы толықтай іске қосылып, мина және әскери техниканың қосалқы бөлшектерін шығара бастаған. Мұнда 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер жұмыс істепті. Зауыт шығарған ең басты қару түрі – Т-34 танкіне арналып жасалған АТО-41, АТО-42 автоматты отшашқыштары. Талай қанды шайқастарда аждаһадай жалын шашып жаудың үрейін ұшырып, құтын қашырған бұл қару одақ көлемінде осы Тоғызақта ғана шығып тұрған.

Тоғызақ айдаһары туралы не білеміз?

Т-34 танкіне Тоғызақ отшашқышы қондырылып, 1942 жылы жаңа үлгідегі «От-34» танктері алғаш майдан шебіне шығады. «От-34» деп аталған шынжыр табан от танктердің әдеттегі танктен артықшылығы да осы отшашқышында екен. 10 секунд ішінде 3 дүркін қызыл жалын атып, 130 метр қашықтағы нысананы дәл түсіп өртей алатын от танктер шешуші шабуылдарда жаяу әскер күшін демеу үшін пайдаланылған. Талай жойқын ұрыстарда жаудың алдырмас амбразурасы мен құрыш құрсанған әскери техикасын отқа орап, жан сақтамақ болған фашист солдаттарын  окоп ішінде тірідей үйтіп жіберген Тоғызақ отшашқышы «Айдаһар» деген лақап атқа ие болады. Өйткені бір мезетте пулеметтен оқ жаудыра отырып, көмейінен жалын құсып, жолындағының бәрін жайпап өте шығатын «От-34» танкі дұшпанның көзіне аузынан тозақ отын шашып жан алуға келе жатқан алып аждаһаны елестеткен деседі.

Соғыс жылдары Тоғызақ зауытынан  1170 отшашқыш шықты. Бүгінде бұл отшашқыштың бір үлгісі Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Мұражайдың ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Нәзима Оташеваның айтуынша, Тоғызақ әскери зауыты 1944-ші жылдан бастап траншеялық оқ-дәрі отшашқыштарын шығара бастаған. Ал 1945 жылы соғыс аяқталған соң Тоғызақ механикалық зауыты болып қайта құрылып, бейбіт еңбек мақсатындағы тракторлар мен ауылшаруашылық техникаларына арнап қосалқы бөлшектер шығара бастаған.

 

Қостанай облысы