Аймақтар • 09 Мамыр, 2020

Қызылорда: Жеңіс жауынгерлеріне құрмет көрсетті

353 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен ата-аналары ардагерлердің үйіне барып, мерекемен құттықтады.

Қызылорда: Жеңіс жауынгерлеріне құрмет көрсетті

Кешегі қан майданға қатысқандардан қалған  санаулы ғана ардагердің  бірі 96 жастағы Әбдірахман Бәйтіков. Курск майданының қаһарманына зияткерлік мектептің «Алаш» шаңырағы сый-құрмет көрсетіп, ақсақалдың ақ батасын алды.

Отты жылдарда Беларусь, Польша, Германия майдандарында болған тағы бір жеңіс батыры – Бөрібай Құлманұлы биыл ғасырлық тойын атап өтеді. «Сұңқар» шаңырағы өкілдерімен өткен кездесуде Бөрібай ата майдан даласындағы естеліктерін айтып, өзіне көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.   

– Елімізде тыныштық болсын, халқымыз ауызбіршілікте өмір сүріп, жастарымыз еліміздің атын асқақтата берсін. Арнайы бас сұғып, жағдайымды сұрап келгендеріне үлкен рақметімді айтамын. Өрендеріміз білімді болып, еліне, жеріне қызмет ететін нағыз маман иелері болып өссін, – дейді ақсақал. 

Мәскеу маңында әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінің сапында соғысқан Кәлеп Бектұрғановқа да мектептің шынайы құрметі мен алғысын 12-сынып оқушысы Тамара Розметова жеткізді.  

– Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Ардагерлердің ерен ерліктері, қажырлы еңбектері мен табандылықтары үшін бас иеміз. Біздің білім алуымызға және болашаққа мақсат құрып, армандардың орындалуына жол ашып, бейбіт күндерді сыйлаған аталарға алғысымды білдіремін, жадымызда мәңгілік сақталады, – деді Тамара Розметова.

Жеңіс батырларымен жүздескен зияткерлер ер есімі мәңгілік ел есінде сақталып,  ерліктері ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыратынын көрсетті.