Ұлы Жеңіс күні мерекесінің орны бөлек. Өйткені, бұл күнді әрі қуанышпен әрі қасіретпен еске аламыз! Ұлы Отан соғысы ешкімге оңай соқпады. Сұрапыл соғыс анасын баласынан, баласын анасынан, асқар таудай әкесінен айырды. Сан мыңдаған тағдырларды талқандап кете барды… Солдаттардың көңіліне сағыныш сезімін ұялатты. Аталмыш қойылымның айтары да осы. Жауға қарсы күрескен жауынгерлердің ата-анасына, туған-туыс, жора-жолдас, сүйген жар, балаларына хат жазу сәтінен бастау алатын спектакльде, Ұлы Жеңіс жолында жан қиған жаужүрек солдаттардың ерлігі баяндалады. Сонымен қатар, түрлі оқиғаларға толы туынды да, кешегі батыр аталарымыздың қайсарлығы суреттеледі.
Иә, соғыс жылдарында солдат біткен қолына қару алып майданға аттанса, өнерпаз қауым, композитор, сазгер, ақындарымыз жаумен бетпе-бет келген жауынгерлер мен халықтың рухын көтеру мақсатында, қаншама шығармалар тудырды. Олар солдаттарға ерекше жігер, күш-қуат берді. Аталған спектакльде санамызда мәңгілік сақталып, жадымызда жаңғырып тұрар әндер де орындалады.
Ғажайып ертегідегі әрбір кейіпкердің ерлігі балаларға үлгі, өнеге болмақ. Отанды, елді, жерді сүюге шақыратын спектакльде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қуыршақ театрының актерлері кәдуілгі адам кейпінде һәм қуыршақтар арқылы өнер көрсетеді. Қойылымдағы сиқырлы бақырашқа жан бітіреді. Бақыраш болса, темірдей тәртіп пен таусылмас төзімнің арқасында жауды жеңіп шығады.
Бас қаламыздың қуыршақ театры сүйікті де сүйкімді кішкентай көрермендерін, «Сарбаздың бақырашы» атты қойылымын тамашалауға шақырады. Сондай-ақ, 9-мамыр күні қуыршақ театрының Instagram парақшасында, сағат 15.00де тікелей эфирде өтетін, «Біздің есімізде» атты мерекелік концертінде асыға күтеді.