Аймақтар • 10 Мамыр, 2020

Сөз құдіретімен қолдады

239 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында онлайн режімде жүргізілген ақындар мүшәйрасы мәреге жетті. Оның тақырыбы аты жаман індетке қарсы күресіп жатқан дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің халық алдындағы өлшеусіз еңбегін дәріптеу.

Сөз құдіретімен қолдады

Осы тақырыпты ойлап тауып, ақындардың ерекше мүшәйрасын қолға алған облыстағы Ақындар мектебінің төрағасы Жарқын Жұпархан. Оның айтуына қарағанда мүшайраға облыстың барлық түкпірлерінен 20 ақын қатысқан. Олардың жастары 15 пен 35 жас аралығында. Мүшәйраға қатысқан ақындардың шығармаларын алдымен қазылар алқасы қарап, сегізін ғана конкурсқа жолдаған. Осы ақындардың өлеңдері әлеуметтік желілер арқылы халыққа таныстырылған.

Сегіз ақынның арасынан суырылып шыққан, облысқа белгілі жас ақын Аманжол Зағыпар болды. Оның өлеңі бүгінгі індеттің зардабын соғыс өртімен ұштастырып, ұтымды қиюластырылған екен. Айтатын ойлары, ақындық шеберлігі де басқаларға қарағанда жоғары болды. Сөйтіп ол 100 мың теңгелік бас жүлдені қанжығасына байлады. Екінші орынды журналист Нұргүл Оқашева және жүлделі үштікті Жұмабек Рахымов түйіндеді. Бұлардың есепшоттарына 60,80 мың теңгеден жүлде түсті.

Карантиндік режімде де ақындарды шыңдап, зар шағынан айырмай және індетке төтеп беріп жатқан жандардың рухын  сөз құдыретімен көтеріп жүрген Жарқын Жұпархан қатысқандардың белсенділіктерін жоғары бағалап, олардың өлеңдерінде саруайымшылдыққа  салынушылыққа жол берілмей, отансүйгіштік рухтың зор болғанын атап өтті.

 

ҚЫЗЫЛЖАР