Жер шарының 71 пайызға жуығын су алып жатыр. Алайда соның 97 пайызы тұзды. Қалған үш пайыздың басым бөлігі Антарктида, Арктика секілді мәңгі қар құрсанған аймақтар мен құзар шыңдардағы мұздықтарға тиесілі. Күнделікті өмірімізге керек ауыз су, экожүйеге кететін өзен суы 1 пайызға да жетпейді.
Жыл сайын адамзат пайдаланатын тұщы судың көлемі 4,3 триллион шаршы метрді құрайды екен. Мұның 70 пайызы ауыл шаруашылығына, 19 пайызы өнеркәсіпке, ал қалған 11 пайызы күнделікті тұрмысқа жұмсалады. Әлбетте, бұл – әлемдегі орташа көрсеткіш. Әйтпесе, әр мемлекеттің суды тұтыну мөлшері әрқалай екені түсінікті. Мысалы, АҚШ-та су тұтынудың 37 пайызы өндіріске, 40 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Үндістанда ауыл шаруашылығына кететін су мөлшері 90 пайыздан асады. Қытайда бұл салаға 65 пайызға жуығы кетсе, 22 пайызы өндіріске жұмсалады екен. Қысқаша айтқанда, суға сұраныс қай елде де жоғары.
Жалпы, су қай кезеңде де адамзат үшін аса қажет болғандығы белгілі. Бірақ бұрын халық саны аз, өзендер мол болса, қазір бәрі керісінше. Жылдан-жылға суға сұраныс артып, бірақ оның көлемі кеміп барады. Өткен ғасырдан бері әлем халқының саны 4 есе өссе, «тіршілік нәріне» сұраныс 6 есе көбейген.
Шартараптың түкпір-түкпірі су тапшылығын әлдеқашан сезіне бастады. Мәселен, 2018 жылы Оңтүстік Африка Республикасындағы қуаңшылық кезінде Кейптаунда су мүлдем таусылуға шақ қалды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген шаһар билігі оны пайдалануға жаппай шектеу қойды. Құдай сақтап дер кезінде жаңбыр жауып, африкалықтарды бір апаттан аман алып қалған-ды. Әйтсе де, сол жылғы қуаңшылық салдарынан өңірге 400 миллион доллар шығын келді.
McKinsey-дің деректеріне сүйенсек, 2030 жылы әлемдегі өзен бассейндерінің көлемі 10 пайызға, 2050 жылы 25 пайызға тартылуы ықтимал. БҰҰ есептеуі бойынша әлем халқының төрттен бірі 2050 жылға қарай су тапшылығын сезінуі мүмкін. Ал Әлемдік банк «тіршілік нәрінің» тапшылығы 2050 жылға қарай әлем экономикасының ішкі жалпы өнім өсімін 6 пайызға азайтады деп болжайды.
Аталған есептеулерге көз жүгірте отырып, келешекте қара суға қатысты дау-жанжалдың көбейетінін аңғару қиын емес. Қазірдің өзінде халықаралық өзендерді пайдалану мәселесі бір жақты емес. Кей мемлекеттер келісім жасасқанымен, оны сақтай бермейді.
Бүгінде мемлекеттер арасындағы өзендер мен көлдер дауы «Трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенция» арқылы реттеледі. Аталған құжат 1992 жылғы 17 наурызда Хельсинкиде (Финляндия) қабылданып, 1996 жылы күшіне енген. Қазақстан 2000 жылғы 23 қазанда осы су конвенциясына қосылды. Орталық Азия елдерінен конвенцияны Өзбекстан және Түрікменстан, сондай-ақ Ресей ратификациялады. Құжатта қабылданған шешімдердің орындалуын жеңілдету үшін бірқатар қосалқы тетіктер қамтылған.
Су қатынастары жөніндегі құжаттың қабылданғанына қарамастан, басы ашық мәселе жетерлік. Әлі күнге өзеннің жоғарғы ағысын мекендеген мемлекеттер оны экономикалық қажетіне пайдаланып, саяси ықпал ету тетігі ретінде де қолданып жүр. Таяу Шығыстағы Иордания өзені бассейні Иордания, Палестина һәм Израильге ауадай қажет. Тіпті суға байланысты аталған елдер арасында түрлі дау-жанжал туындайды.
Атақты Ніл өзені Мысыр мен Эфиопияны басып өтеді. Ғасырлар бойы екі ел Нілдің суын тиімді бөлісе алмай әлек. 2015 жылы мәмілеге келіп, үлкен дамба салуға келіскен. Бірақ түрлі түсініспеушілікке байланысты оның құрылысы тоқтап тұр. Алда-жалда дамба толықтай салынса, 15 жыл ішінде толып, Мысырда, Эфиопияны, тіпті Суданды да сумен қамтамасыз етпек.
Бүгінде әлем тұщы суды негізінен 410 бассейннен пайдаланады. Солардың 90-ға жуығы қауіпті деңгейде тұр. Яғни жыл сайын тұтынылатын су көлемі тиісті межеден 40 пайызға артық. Қауіпті деңгейдегі өзен бассейндерінің жартысынан астамы үш елде – Қытай, Үндістан және АҚШ аумағында жатыр.
Су тапшылығы алпауыт өндірістерді тақырға отырғызуы ықтимал. Мысалы, Бразилиядағы 2015 жылғы қуаңшылық кезінде General Motors компаниясының суға жұмсалатын шығыны 2,1 миллион долларға, электр энергиясына төлейтін қаржысы 5,9 миллион долларға көбейді. Дәл сол жылы Қытай қағаз шығаратын кәсіпорындардың су тұтынуын 10 пайызға азайтуға міндеттеген. Көп ұзамай қағаздың бағасы көтеріліп шыға келді.
«Судың да сұрауы бар» екенін жақсы түсінген көптеген компания қазірдің өзінде «тіршілік нәрін» тиімді пайдалануға кірісті. Бассейндердің көлемі әр қилы, әр аумақта орналасқаны белгілі. Көптеген бизнес өкілдері өзендердің осы артықшылығын игілігіне жаратпақ. Мәселен, Apple компаниясы өзінің зауыттарын нақты бір аймаққа орналастырмай, суы мол өзендердің маңайына шоғырландыра бастады.
Компанияларды су тұтыну көлемін шектеп, тиімді тәсілдер іздеуге міндеттегенмен мәселе түбегейлі шешілмейді. Себебі әлемдегі су ресурстарының үлкен бөлігі мемлекеттердің ұлттық шекаралары арқылы өтеді. Дүние жүзіндегі 263 трансшекаралық су бассейнінің үштен бірі бірнеше мемлекеттің аумағы арқылы ағады.
Әлемде трансшекаралық өзендер туралы 290-ға жуық құжат бар. Олардың басым бөлігі түйткілдерді шешуге көмектессе де, әлі күнге басы ашылмаған мәселе жетерлік. Мысалы, 2019 жылы ғана әлемде өзендерді қолдануға байланысты 50-ге жуық түрлі деңгейдегі кикілжің туындапты. Сондықтан су саясаты бұрынғыдан да өзекті бола түсті.
Су мәселесі Орталық Азияны да айналып өтпейді. Өйткені аймақтағы ірі өзендердің барлығы трансшекаралық болып есептеледі. Ондаған жылдан бері сол трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану жайы Орталық Азия елдері үшін күрделі проблеманың біріне айналды. Әсіресе Сырдария мен Әмудария өзендерін бірлесе пайдалану өте өзекті. Сырдария өз бастауын Қырғызстаннан, Әмудария Тәжікстаннан алады. Сондықтан Орталық Азиядағы өзге мемлекеттер қырғыз бен тәжік ағайындардың «жомарттығына» тәуелді. Дәлірек айтқанда, су ағынын реттеу тетігі солардың қолында.
Қазақстан мен Қытай арасында шекараны кесіп өтетін үлкенді-кішілі 25 өзен бар. 2001 жылы қос тараптың үкіметі трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісім жасасқан. Бірақ Ертіс пен Іленің тағдыры толыққанды шешілген жоқ. Екі өзеннің тағдыры Қазақстан үшін аса маңызды. Себебі Ертіс пен Іленің 70% суы Қытай аумағынан бастау алады. Оған қоса, Бейжің билігі өз аумағында өзен суын қолдану көлемін арттырып келеді.
Соңғы жылдары Қытай билігі елдің батыс аймағын, яғни Шыңжаң-ұйғыр автономиялы ауданының экономикасын дамытуды мықтап қолға алды. Ондағы шөл дала игеріліп, өндіріс орындары іске қосылып жатыр. Сондай-ақ халық саны еселеп арта түскен. Осының барлығы орасан зор көлемде суды қажет ететіні анық.
Қорыта айтқанда, келешекте соғыс өрті тұтана қалса, мұнай не басқа да қазба-байлықтар үшін емес, тұщы су үшін болмақ. Сондықтан халықаралық қоғамдастық үшін жер-жаһанда бейбітшілік сақтаудың тағы бір кілті – ауыз су дағдарысын оңтайлы шешу.