Аймақтар • 11 Мамыр, 2020

Көмек керуені

150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордадағы волонтерлер Түркістан облысы Мақтаарал ауда­­нындағы тасқын судан зар­дап шеккен тұрғындарға гума­ни­тарлық көмектің алғашқы легін жіберді.

Көмек керуені

Облыс әкімі Гүлшара Әбді­қа­лықованың көрші өңірдегі ағайынға көмек көрсету бастамасына аймақ кәсіпкерлері, қара­пайым тұрғындар үлес қо­сып отыр. Волонтерлер аз уақыт ішінде 15 тоннаға жуық киім-кешек, ұзақ сақталатын азық-тү­лік түрлері, гигиеналық заттар жинап, су тасқынынан қи­нал­ған ағайынға аттандыр­ды. Төрт көлікке тиелген гумани­тар­лық көмекті 15 ерікті бастап барды.

– Мақтаарал жұртының басына түскен қиындық барлық елге ортақ. Біз осы сапарымыз­да ондағы ағайынның жайын біліп, қолдау көрсетіп, алда­ғы уақытта қандай жәрдем қажет­тігін біліп қайтамыз, – деді көмек керуенін ұйымдас­ты­рушылардың бірі, белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов.

Мұндай гуманитарлық көмектер облыс орталығымен қатар аудандарда да ұйым­дас­тырылып жатыр. Осы керуенге Сырдария ауданы еріктілерінің көмегі келіп қосылса, Жаңа­қорған ауданының волон­тер­лері жинаған жәр­де­мін мақ­та­арал­дықтарға жеткізіп беріпті.

Волонтерлердің облыстық штабы жетекшісі Ольга Чеба­ко­ваның айтуынша, көрші өңірге көмек керуені алда да ұйымдастырылады.

 

Қызылорда