Аймақтар • 11 Мамыр, 2020

100 жасаған жүрек

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кез келген адамның 100-ге толғаны үлкен оқиға. Ал ол толарсақтан саз кешіп, оқ пен оттың арасында Еуропаның қарлы, сызды, сазды даласында қар жамылып, мұз жастанған майдангер болса – ол енді дүниежүзілік болмаса да ТМД аумағында маңызы бар оқиға екені даусыз. Адам не деген төзімді жаратылған жан иесі еді. 

100 жасаған жүрек

Қазір Петропавл қаласында тұратын Никита Семенов осыны дәлелдеп, кеше, Жеңістің 75 жылдығын атап өткеннен бір күн кейін 100 жасқа толды. Ол ұзақ жылдар бойы ішкі істер органдарында қызмет еткен адам екен. Сондықтан оны құттықтауға Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев бастаған бір топ офицерлер келді.

Бұлар өздері ғана келіп қоймай полиция департаментінің үрмелі оркестрі мен әншілерін ала келіп, майдангердің ауласында, жарқыраған ашық күннің астында, гүлдеген алма ағаштарының бауырында шағын концерт те қойып берді. Марат Төлебаев санитарлық нормаларды сақтай отырып, мерейтой иесін құттықтап, оған гүл шоғы мен сыйлықтар тапсырды. Мұндай айрықша құттықтауды бұрын-соңды көрмеген сол көпқабатты үйдің тұрғындары өздерінің балкондарынан қарап, майдангерді құттықтаған полиция департаментіне ризашылықтарын білдірді.

Майдан жолына тоқтала кететін болсақ, Никита Семенов 1940 жылы Свердловск қаласынан әскерге шақырылған екен. Ол алдымен Мәскеуді қорғауға қатысып, жорық жолын Батыс Украинада, Беларусияда жалғастырған. Мергендер қатарына алынған. Жеңісті 1945 жылдың 9 мамырында Эстонияда қарсы алады. «Ерлігі үшін», «Москваны қорғағаны үшін» және тағы басқа көптеген медальдармен наградталған.

Қырқыншы жылдардың соңында алдымен туған жеріне келіп, одан кейін Қазақстанға қоныс аударған. Бұрынғы Целиноград облысының Астрахан аудандық милиция бөлімінде паспорт бөлімінің бастығы болады. Ішкі істер органдарында 20 жылдан астам уақыт қызмет атқарған соң капитан шенімен құрметті демалысқа шыққан.

Полицейлермен бірге майдангерді  «Солтүстік Қазақстан облысының іскер әйелдері» ҚҰ өкілдері де құттықтады. Әсіресе, концерттің аяғы әсерлі болды, аңызға айналған «Прощание Славянки» маршына полицейлер сап түзеп, ізет көрсетіп, ардагерді үйіне дейін шығарып салды.

ҚЫЗЫЛЖАР