Әлем • 11 Мамыр, 2020

Финляндияда тегін ақша тарату тәжірибесі сәтсіз аяқталды

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Bloomberg басылымы  бүгін Финляндияда шартсыз базалық табысты енгізу бойынша екі жылдық тәжірибе  сәтсіз аяқталғанын хабарлады.  

Финляндияда тегін ақша тарату тәжірибесі сәтсіз аяқталды

2017-2018 жылдар арасында  25-тен 58 жасқа дейінгі екі мың жұмыссыз азаматтар арасында жүргізілген тәжірибеге 2000 адам қатысқан. Оларға ай сайын   560 еуро мөлшерінде ай сайынғы кепілді жәрдемақы беріліп, мұны базалық табыс ретінде қарастырған.

 Жобаның авторлары  адамдар уақыт өте келе базалық табыспен шектелмей, жұмыс істеуге  ұмтылады деп дәмеленген болатын. Бірақ тегін ақша, керісінше жұмыссыздық деңгейіне кері әсер ететінін көрсеткен. Айлық табысы 560 еуродан төмен азаматтар тез арада жұмыстарынан шығып, жұмыссыздардың қатарын  толықтыруға асығыпты. Жобаның алға жүріп кетпеуіне осы факторлар себеп болыпты.

Осы тәжірибенің авторларының бірі   Олли Кангас жобаға қатысқандар өзін өзгелермен салыстырғанда  барлық өлшем бойынша бақытты екенін, көңілінің тоқ екенін айтқан. Барға тоқмейілсу өзін-өзі жетілдіруге апаратын жолын кесіп тастайтынын жоба авторлары естен шығарып алғанға ұқсайды.

Ал  2018 жылдары сол елде жұмыссыздар қатары 27 пайызға дейін өсті. Қазір  Финляндия үкіметі тиімсіз болғандықтан халықты қолдау шарасы ретінде шартсыз базалық табыс идеясынан бас тартып, табыс салығын енгізу мүмкіндігін қарастыруда.

Сарапшылар бұл идея жаңалық емес екенін айтады. Бұл идея  503 жыл бұрын жарық көрген Томас Мордың «Утопиясында»  айтылыпты. Томас Мор «әрбір жұмыс істеп жүрген азаматқа мемлекет базалық көтермелеу табыстарын беріп тұру керек. Сол кезде ғана бақытты адамдардың қоғамын қалыптастырамыз» деген. Финляндиядан кейін мұндай  эксперименттер бүкіл әлемде өткізіледі. Кенияның батысындағы ауылдардың бірінде жасы 22-ден асқан азаматтар  ай сайын 22 доллар алып тұрады екен.  Бір қызығы бұл қаржы елдің бюджетінен емес, халықаралық ұйымдардың есебінен төленіп тұрады.  Италия үкіметі  де беріге дейін «азаматтың базалық  табысы» атты жоспар әзірлеп, ай сайын 150 еуро көлемінде  базалық көтерме табыс беріп тұрған.

Базалық табыстың жақтастары бұл кедейлікпен күресуге көмектеседі деп санайды, өйткені адамдарға жұмыс іздеуге уақыт немесе жаңа кәсіпті оқуға мүмкіндік береді деп үміттенеді екен.