Елбасының тапсырмасына сәйкес 2030 жылға дейін ел экономикасындағы шағын және орта бизнес көрсеткіштері екі есе ұлғайтылуға тиіс. Осы орайда ірі индустрия ошағы болумен қатар кәсіпкерлік қозғалыстың да кең дамуына қолайлы орта саналатын өндірісті өңірдегі елеулі құбылыстар көзге түсерліктей. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысының Қарағандыда өтуі осыған байланысты болды.
Елбасының тапсырмасына сәйкес 2030 жылға дейін ел экономикасындағы шағын және орта бизнес көрсеткіштері екі есе ұлғайтылуға тиіс. Осы орайда ірі индустрия ошағы болумен қатар кәсіпкерлік қозғалыстың да кең дамуына қолайлы орта саналатын өндірісті өңірдегі елеулі құбылыстар көзге түсерліктей. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысының Қарағандыда өтуі осыған байланысты болды.
Аталған комитеттің төрағасы Талғатбек Абайділдин қатысушылар алдында ортаға салғандай, аймақта «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында шағын және орта бизнес белсенді дамып келеді. Іргелі кәсіпорындардың төңірегінде шағын өндірістер желісі құрылуда. Олар қаржыландыру мен озық технологияны енгізуге көмектесіп отыр. Кәсіпкерлердің экономикалық пайдалары мен мемлекеттің маңызды әлеуметтік мәселелері, азаматтарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету арасында оңтайлы тепе-теңдік қалыптасты.
Облыс әкімі Бауыржан Әбдішев сенаторларға өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру туралы әңгімеледі. Қазақстандағы кәсіпкерліктің дамуының сатыларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жөнінде Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Сәрсенбай Еңсегенов баяндама жасады.Бизнес өкілдері өз тараптарынан кәсіпкерлік қызметте құқықтық қатынастарды реттейтін нормативтік-құқықтық актілердегі олқылықтарды айта келіп, оны шешудің төте нұсқаларын ұсынды.
Облысқа сапар барысында сенаторлар, сондай-ақ, Теміртау қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралап көріп, Осакаров ауданындағы егін орағымен танысты.
ПАРТИЯНЫҢ САЯСИ ДОКТРИНАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
«Нұр Отан» ХДП Балқаш қалалық филиалының кезектен тыс ХІІ конференциясында Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы талаптарынан туындайтын жаңа міндеттер» және «Нұр Отан» «Нұрлы болашақ жолында» атты партияның Саяси доктринасының жобасы талқыланды. Сөз алушылар аталған мәселелер бойынша атқарылудағы іс-шараларды саралап, бастауыш ұйымдар белсенділігін арттыру мен олардың жұмысын барынша тиімді жүргізуді, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді талдады.
Конференцияда «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерлан Нығматулин баяндама жасап, партияның ұсынып отырған Саяси доктринасының маңызы, онда көрсетілген жалпы қоғамдық өркендеудің 7 бағытының тұжырымдасы туралы түсінік берді.
Жетімдерге қамқорлық
Қыркүйектің екінші онкүндігі аймақтағы балалар үйлері тәрбиеленушілері үшін есте қаларлықтай болды. Облыс басшылығы олар тұрып жатқан «Құлыншақ», Әсем», «Таңшолпан», «Үміт» орталықтарына барып, тұрмыс жағдайларымен тікелей танысты. Кездесулерде ата-ана шуағынсыз қалған жалғызілікті жасөспірімдер мемлекеттік қамқорлыққа ризалықтарын білдірді. Соның арқасында арнаулы жатақханаға орналасып, білімдерін тереңдетуге, мамандық меңгеруге мүмкіндік алған академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, «Болашақ» университетінің, политехникалық колледжінің студенттері Ирина Борисова, Зекен Қожамердиева, Евгений Михайлов сияқты талаптары таудай жастар аз емес. «Таңшолпанның» 14 түлегі агротехникалық колледжге оқуға қабылданып, көкөніс күтіп-баптаудың қыр-сырларын игеруде.
Өздеріндей көмек-қолдауға тілеушілерге жасөспірімдер және отбасын құрушыларға тұрғын үйлер салу жалғасатындығы туралы хабар қуанышпен қабылданды.
ЖАҢАДАН САЙЛАНҒАН ӘКІМДЕР БАС ҚОСТЫ
Баламалы негіздегі сайлау арқылы жергілікті мәслихаттар депутаттары сенім көрсетіп, қызметтеріне кіріскен облыстың ауылдары мен кенттерінің 202 әкімі төрт көзі түгел үлкен жиынға қатысты. Мұның алдында бәрі үш күндік семинарда басқарудың жаңа жүйелерімен, өзгертіліп, толықтырылған заңнамалармен танысты. Халықпен тікелей жұмыс істеудегі кәсіби деңгейді көтеру талабы талданды. Оқудан соң тестік емтихан тапсырылды.
Жиында сөз алушылар жұмыстағы ізденістер мен өзгерістер туралы айтып, оны жетілдіру жолында өз ойларын ортаға салды. Облыс прокуроры Асқар Секішев пен ішкі істер департаментінің бастығы Мергенбай Жаппаров өз кезегінде жергілікті өзін өзі басқару тұжырымдамасына сәйкес нормативтік құқықтық ережелерін кеңінен әңгімелеп берді. Ауыл әкімдері өкілеттіктерінің кеңеюіне байланысты оны іске асырудың нақты іс-шаралар жоспары пысықталды.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.