Қоғам • 11 Мамыр, 2020

Елордада бүгіннен бастап ақылы тұрақтар жұмыс істей бастайды

268 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында 11 мамырдан бастап ақылы тұрақтар жұмыс істей бастайды. Тұрақтарда паркоматтарды антисептикалық сұйықтықтармен өңдеу үнемі жүргізіледі. Паркомат арқылы монеталармен тұрақ төлеу кезінде медициналық қолғаптарды пайдалану ұсынылады.

Елордада бүгіннен бастап ақылы тұрақтар жұмыс істей бастайды

Белгілі болғандай, Нұржол бульварында көлік тұрағы үшін төлем енгізу бойынша қанатқақты жоба оң нәтиже көрсетті. Осы ауданда көлік қозғалысы жақсарды, көлік тұрағы ережелерін бұзу саны азайды, көлік орындарының айналымдылығы артты, автомобиль тұрағының орташа уақыты қысқарды. Жоба басталғаннан бері қала жолдарындағы жағдайды жақсартуға алып келетін тұрақ аймақтарын ұйымдастыру бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Егер бұрын автомобиль тұрағының орташа уақыты 4 сағатты құраса, бүгінде ол 40 минуттан аспайды. Бұзушылықтар санының көрсеткіші 63%-ға төмендеді.

Ақылы тұрақтар жұмыс күндері таңғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Демалыс және мереке күндері автотұрақтар тегін. Ақылы тұрақ құны - сағатына 100 теңге. Ақша тұрақ сессиясы басталғанға дейін алдын ала төлем бойынша енгізіледі. Тұрақ басталған сәттен бастап 30 минут ішінде тұрақ ақысын төлеу қажет. Төлемдер мен айыппұлдардан түскен ақша қаражаты жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі қалалық бағдарламаларды қаржыландыру үшін қала бюджетіне түседі.

Қазіргі уақытта Нұржол бульварында 487 тұрақ орны пайдалануға берілген. Әрбір тұрақ қалтасында барлық қажетті ақпарат көрсетілген ақпараттық қалқан орнатылған. Қалқанның жоғарғы жағында тұрақ аймағының нөмірі орналасқан, осы нөмір арқылы жүйе тұрақ орнын салыстырады. Нөмір барлық тұрақ қалтасы үшін бірыңғай болып табылады және тұрақ үшін ақы төлеу кезінде көрсетіледі. Ақылы тұрақтарды орнату және ашу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізушілерге де, жаяу жүргіншілерге де ыңғайлы болуға көмектеседі. «Есіл» және «Сарыарқа» аудандарында тағы 3 381 тұрақ орны іске қосылуға дайын. Ақылы автотұрақ аймақтары Бөгенбай батыр, Сарыарқа, Республика даңғылдарының және Есіл өзенінің жағасында пайда болады. Бұл алаңдағы тұрақ қалталары жұмыс істеуге қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған, жол белгілері, ақпараттық тақталар мен тұрақ есептегіштері орнатылған.

«Есіл» ауданында Сарайшық, Сығанақ көшелерінің, Тұран және Мәңгілік Ел даңғылдарының шаршы алаңында тұрақ аймақтары орналасқан. Автотұрақ аймақтарын пайдалануға беру актілері Нұр-Сұлтан қалалық көлік басқармасына жіберілді.

Жоғарыда аталған аудандардағы тұрақ аймақтары тестілік режимде жұмыс істеп тұрған кезде, айыппұлдар қойылмайды. Тест кезеңі жүргізушілерді жаңа инфрақұрылым жұмысының принциптерімен таныстыруға арналған. Елорда тұрғындары ақылы тұрақтардың орналасқан жері туралы алдын ала біліп, түрлі төлем әдістерін пайдаланып, astanapark.kz сайтында жеке кабинет құрып, «Парковки Астаны» мобильді қосымшасын жүктеп ала алады.