Қоғам • 11 Мамыр, 2020

Шектеу шаралары кезең-кезеңмен алынып тасталады - Е. Тоғжанов

10 реткөрсетілді

Шектеу шаралары әрбір өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кезең-кезеңмен алынып тасталады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Үкіметінде өткен брифингте Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтып берді. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-Министрдің орынбасары атап өткендей, Қазақстанда 2 айға жуық уақыт бойы төтенше жағдай және карантиндік шектеу режимі сақталды.

«Бүгінде қабылданған шаралар, яғни шектеу шаралары толығымен өзін өзі ақтады деп сеніммен айтуға болады. Біз елімізде инфекцияның таралуын басқарылатын деңгейде сақтай алдық. Жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жеке бақылауында болды», - деді Е. Тоғжанов.

Президент мәлім еткендей, 11 мамырдан бастап елімізде төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда, Е. Тоғжановтың айтуынша, қауіп әлі бар және қатерлерді ескермеуге болмайды. Сондықтан карантин шаралары жалғасады. Шектеу шаралары әрбір өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты кезең-кезеңмен алынып тасталады.

«Сіздерге белгілі болғандай, карантин шараларын жеңілдетуді біз 20 сәуірден бастадық. Осы кезең аралығында 1,1 млн жуық адам жұмысын қайта бастады. Бүгінгі күннен бастап аумағы 2 мың ш.м. дейін болатын азық-түліктік емес дүкендер, сұлулық салондары, балаларды дамыту орталықтары жұмысқа кіріседі. Саябақтар мен гүлзарларда адамдардың серуендеуіне рұқсат етіледі. Саябақтардың жанындағы ойын-сауық қызметтерінің жұмысы әлі шектеледі», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Сонымен қатар, спорттық жаттығулар өткізуге, мәдениет қызметкерлеріне репетициялар жүргізуге рұқсат етіледі. Жұмыс істейтін ата-аналар үшін балабақшаларда санитарлық нормаларды сақтаумен кезекші топтар ұйымдастырылады. 

Е. Тоғжановтың айтуынша, кәсіпкерлер мен тұрғындардан сауда ойын-сауық орталықтарының, мейрамханалар мен қонақ үйлердің жұмысын қайта бастауға қатысты көптеген сұрақтар келіп түсуде.

«Бұл кезеңде олардың жұмысқа кіріспейтінін ерекше атап айтқым келеді. Бұл мәселе өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды ескерумен сәл кейін қарастырылатын болады», - деп түйіндеді Премьер-Министрдің орынбасары.  

Соңғы жаңалықтар

Елдік нышандар тарихы

Қазақстан • Бүгін, 18:14

Атырау: Үй қамаққа қамалған қыз

Аймақтар • Бүгін, 18:00

Биыл ауылға табиғи газ жетеді

Аймақтар • Бүгін, 14:29

Ұқсас жаңалықтар