Парламент • 11 Мамыр, 2020

Мәулен Әшімбаев Сенат Бюросының отырысын өткізді

244 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отырыс барысында Сенат Төрағасы төтенше жағдай режимінен кейін елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша экономиканы қалпына келтірудің кешенді жоспары іске асырылатынын атап өтті. Оны арнайы мемлекеттік комиссия әзірлейді. Өз кезегінде, Жоғарғы палата Президенттің экономиканы одан әрі дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған стратегиясын заңнамалық тұрғыда сапалы әрі дер кезінде қамтамасыз етуге тиіс. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Мәулен Әшімбаев Сенат Бюросының отырысын өткізді

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы дағдарыстан кейінгі дамудың бірқатар басым бағыттарын анықтап бергеніне назар аударды. Олардың қатарында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, білім және ғылым саласын жаңғырту, адами капиталды дамыту, шағын және орта бизнесті өркендету, ұлттық экономиканы әртараптандыру мәселелері бар. Сенат Төрағасының айтуынша, депутаттар қазіргі кезеңде Президенттің барлық бастамаларына тиімді әрі уақытылы қолдау көрсетуі керек.

«Соған байланысты біз өз жоспарымызды қайта қарап, Мемлекет басшысының айтқандарын толық орындау үшін Сенат жұмысын тиімді ұйымдастыруымыз қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыста Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын комитеттер арасында бөлу мәселелері де қаралды.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне төтенше жағдай мәселелері бойынша, сондай-ақ соғыс жағдайы мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік жөніндегі комитетке еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы; цифрлық технологияларды реттеу мәселелері, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы заң жобаларына қорытынды әзірлеу тапсырылды.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы бойынша, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді. Сонымен қатар, бұл комитетке Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасы мен заңнамаға атқарушылық іс жүргізу және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері туралы заң жобасы берілді. 

Сонымен қатар Бюрода Парламент Сенатының 14 мамырда өтетін отырысының күн тәртібі белгіленді. Соған сәйкес сенаторлар «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» (екінші оқылым), «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» (екінші оқылым), «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым) және «Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобаларын қарайды.