Қазақстан • 11 Мамыр, 2020

Мүгедектерді әлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктері 3 айға ұзартылды

3118 рет көрсетілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектерді қолдау бойынша қосымша шаралар қабылдады. Қайта қарау мерзімі төтенше жағдайдан (бұдан әрі - ТЖ) бір ай бұрын және оның барысында (16 ақпаннан 10 мамырға дейін) орын алған және қайта тексеруден өтпеген мүгедектер үшін мүгедектік мерзімі автоматты түрде бұған дейін белгіленген қайта тексеру күнінен бастап 3 айға ұзартылады.  Сонымен бірге қайта тексеру мерзімі ақпан айына келген мүгедектерге ай толық есептеледі. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл шаралар мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін карантиндік шараларды сақтау мақсатында қабылданды. Мүгедектікті автоматты түрде ұзарту медициналық-әлеуметтік сараптамаға құжаттарды рәсімдеу кезінде бір жерде топталуын болдырмайды және азаматтардың ауру жұқтыру қаупін азайтады.

Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларын жүзеге асыру мерзімі 3 айға ұзартылды. Бұрын ұсынылған оңалту шаралары, соның ішінде техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету күшінде қалады.

Мүгедектерді әлеуметтік қолдаудың барлық әлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктері 3 айға ұзартылды. Жәрдемақы бұрын айқындалған мүгедектік тобына, еңбекке жарамсыздық дәрежесіне сәйкес төленеді.

Айта кету керек, денсаулығының жағдайы өзгерген жағдайда, мүмкіндігі шектеулі жандар қайта тексеруден бұған дейін белгіленген мерзімнен бұрын өтуге құқылы.

Естеріңізге сала кетейік, қайта сараптама тағайындалған уақытынан бастап бір ай ішінде жасалуы керек.

Мысалы, егер қайта тексеру мерзімі ағымдағы жылдың 20 наурызында келген болса, онда мерзім автоматты түрде 20 маусымға дейін ұзартылады, ал 20 шілдеге дейін қайта тексеруден өтуі керек.

 

Соңғы жаңалықтар

Қару ұстауға бақылау күшті

Қоғам • Бүгін, 18:11

Ұқсас жаңалықтар