Экономика • 11 Мамыр, 2020

Коронавируспен күреске республикалық бюджеттен шамамен 150 млрд теңге бөлінді - Әлихан Смайылов

209 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Коронавирусқа және әлемдік іскерлік белсенділіктің төмендеуіне байланысты дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға Үкімет жалпы алғанда 5,9 трлн теңге бағытталды. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен – 3,4 трлн теңге және бюджеттен тыс қаражат есебінен ‒ 2,5 трлн теңге бөлінді. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен онлайн-брифингте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары ‒ қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді. 

Коронавируспен күреске республикалық бюджеттен шамамен 150 млрд теңге бөлінді - Әлихан Смайылов

Шығындар жұмыспен қамтуды арттыруға, табысынан айырылу бойынша ай сайынғы төлемдерге, әлеуметтік төлемдерге, тұрғын үй құрылысына, бюджеттің салық кірістерінің шығындарын өтеуге және Мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша басқа да бағыттарға жұмсалды.

«Атап айтқанда, Жұмыспен қамтудың жол картасын қаржыландыруға 1 трлн теңге қарастырылған, оның ішінде республикалық бюджет есебінен – 300 млрд теңге (бюджеттен тыс қаражат – 700 млрд теңге). Аталған қаражат шеңберінде өңірлерде инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады және 255 мың жұмыс орны құрылады. Бизнес субъектілерінің айналым капиталын 8% жеңілдікпен несиелеуге және инвестициялық жобаларды жеңілдетілген несиелеуді жылдық 6%-ға кеңейтуге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша бюджеттен тыс тартылған қаражат есебінен 1 трлн теңге қарастырылған», — деді Әлихан Смайылов.

Шамамен 4,5 млн адам 2 ай ішінде 1 ЕТЖ немесе 42,5 мың теңге көлемінде табысынан айырылуы бойынша төлем алуда. Осы мақсатқа Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан шамамен 370 млрд теңге қарастырылған.

Тұрғын үй құрылысы үшін елдегі тұрғын үй құрылысының көлемін 15 млн шаршы метрге дейін жеткізу үшін қор нарығынан қосымша 390 млрд теңге тартылады.

Республикалық бюджеттің салық кірістерінің шығындарын өтеуге және тиісінше мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындау үшін 1,7 трлн теңге бөлінді.

Экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОБ субъектілері мен ірі бизнесті еңбекақы төлеу қоры бойынша салықтар мен алымдарды төлеуден босатуға байланысты жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеуге 237 млрд теңге қарастырылған.

313 млрд теңге әлеуметтік төлемдерді (зейнетақылар, жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек) 10%-ға дейін қосымша индекстеуге, стипендияларды арттыруға және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша халықтың төлемдерін өтеуге жұмсалады.

«АӨК-ті дамыту, «Еңбек», «Бизнестің жол картасы», «Ауыл ‒ ел бесігі» мемлекеттік бағдарламаларын кеңейтуге 240 млрд теңге қарастырылған. Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға ‒ 50 млрд теңге, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында еңбек нарығын дамытуға – 50 млрд теңге, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кредиттер бойынша кепілдік беруге – 84,5 млрд теңге, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға – 55 млрд теңге», — деп атап өтті Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі.

Эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 125 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде медицина мамандарына және басқа да қызметкерлерге үстеме ақы төлеу, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз ету және т. б. қарастырылған.

Қосымша шығындар азаматтар мен экономиканы қолдауға, соның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға – 575 млрд теңге бағытталды.

Осы қаражат шеңберінде айырбас бағамының өсуіне байланысты бюджет шығыстары, Нұр-Сұлтан қаласындағы үлестік құрылыстың проблемалық объектілерін аяқтауға арналған шығыстар және басқа да басым міндеттер қарастырылған.

«Коронавирусқа қарсы күреске немесе эпидемияға қарсы іс-шараларға РБ-дан шамамен 150 млрд теңге бөлінді, бұл доллармен есептегенде 350 млн доллар. Олар 5,9 трлн теңге құрамында, олар жалпы дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға бағытталады. Бұл ‒ жұмыспен қамтуды қолдау, әлеуметтік төлемдер, бизнесті қолдау, кәсіпкерлерді жеңілдікпен несиелеу, тұрғын үй құрылысы және т. б. Бұл қаражат 1 жылға жоспарланған», — деді Әлихан Смайылов.

Мәселен, бизнесті жеңілдікпен несиелеуге 1 трлн теңге бағытталады. Бұл бизнеске төмен мөлшерлемемен несие түрінде берілетін қайтарымды қаражат.

Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға 1 трлн теңге қаралған, оның 300 млрд теңгесі бюджеттен, қалғандары – бюджеттен тыс қаражат. Бұл ‒ әлеуметтік нысандарды, ТКШ объектілерін, инженерлік инфрақұрылымды салу және реконструкциялау, елді мекендерді абаттандыру. 255 мың жұмыс орны құрылады. Яғни, Үкімет осы жылдың ішінде бағыттайтын барлық қаражаттың маңызды әлеуметтік-экономикалық мәні бар және халықтың жұмыспен қамтылуын, олардың табыстарын сақтауға және елдегі іскерлік белсенділікті қолдауға мүмкіндік береді.