Мыңдаған қызметкер жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға өтініш бергеніне қарамастан, бұл компаниялар акционерлерге кем дегенде 700 млн доллар көлемінде дивиденд төлеуді доғармаған. Өкініштісі сол, мұндай компаниялардың қатары аз емес. Пандемия қыспаққа алғанда, ірі кәсіпорын басшылары дағдарысты жеңілдету үшін еріксіз үлкен құрбандыққа баруға мәжбүр. Дағдарыстың салқыны әсіресе жұмысшыларға оңай тимейтіні анық. Қиын жағдайға қарамастан акционерлер сыйақы жинауды жалғастырып жатыр. Басшылар жұмыс орындарын азайту компанияларының ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді деп алға тартады. Табысынан айырылған азаматтар жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға өтініш бергенімен акционерлерге миллиондап дивиденд төлеу әділетсіздік деп санайды сарапшылар. Бұл басшылардың коронавирустық эпидемия жағдайында қызметкерлерге қамқорлық таныту жөніндегі мәлімдемелеріне кереғар дейді мамандар.
Мәселен, Caterpillar компаниясы кейбір зауыттарында операциялар тоқтатылған соң 8-ші сәуірде акционерлер арасында 500 млн долларды бөлетінін хабарлады. Алайда компания қанша қызметкердің зардап шеккені туралы ақпарат беруден бас тартты.
«Біз бүкіл әлем бойынша сан алуан жұмысты қолға алдық. Бірақ та зардап шеккен адамдар туралы талқыламаймыз», - деп жауап берді Caterpillar баспасөз хатшысы Кейт Кенни электронды хатта.
Пандемия осы күнге дейін негіз болған экономикалық логиканы жоққа шығарды. Айталық, еңбеақысы төмен бакалея тауар сатушылары, ет комбинат жұмысшылары және медбикелер «алмастырылмайтын» қызметкерлер екені анық байқалды. Басқаларға қарағанда, олар жоғары тәуекелдермен бетпе-бет соқтығысуда.
Акцияларды сатып алу мен дивидентерді төлеу арқылы акционерлерге қолма-қол ақшаны үлестіретін компанияларды сынап жүргендердің бірі Лоуэлдегі Массачусет университетінің экономика бойынша құрметті профессоры Уильям Лазоник. Оның айтуынша, дағдарыс кезінде акцияларды сатып алу яки дивидендтерді төлеу қалыпты құбылыс. Дивидендтердің қомақты үлесін табысы жоғары америкалықтар иеленіп жүр. Ішкі кірістер қызметінің дерегіне сәйкес, барлық дивидендтердің шамамен 69% табысы 200 мың доллардан асатын салық төлеушілерге тиесілі.
«Осындай тоқырау жағдайында кез келген компания бірінші кезекте - акционерлер арасындағы қандай да бір алыс- беріске жол бермеу керек», - деді Лазоник. «Дағдарыс кезеңінде компаниялар бір-бірінен ерекшеленетіні күмәнсіз. Кейбірі қамқорлық танытса, енді бірі жұмысшыларды қорғаудың орнына керісінше тонайтын болады», - деді ол. Рас, бірнеше кәсіпорын коронавирустық пандемияны ескеріп, акционерлерге төлемдерді тоқтатты. Дегенмен мұндай қадамнан бас тартқандар да жоқ емес.
Наурыздың 26-да Caterpillar компаниясы пандемияға байланысты бірқатар нысанның жұмысы уақытша тоқтатылатынын хабарлады. Атап айтқанда, Шығыс Пеорийде екі зауыт және Мейплтон құю зауытында өндіріс шектетілді.
Шамамен екі аптадан кейін компания акционерлерге 500 млн доллар көлемінде қолма-қол дивиденд төлейтінін жариялады.
«Тұтыну сұранысының төмендігіне, ықтимал ұсыныстың шектеулері мен covid-19 пандемиясының таралуы, сол секілді Үкіметтің шешіміне байланысты өндірісті қысқарту бойынша жаһандағы кәсіпорындарымызда бірқатар шара енгіземіз», - деді электрондық пошта арқылы Кейт Кенни. «Оның ішіне нысандарды уақытша жабу, мерзімсіз немесе уақытша жұмыстан шығару кіреді»,- деп нақтыланды.
Сондай-ақ сәуірдің 7-де «Леви Стросс» компаниясы дүкен жұмысшыларына жалақы төлеуді тоқтататынын әрі 4000-ға жуық адам демалысқа жіберілгенін хабарлап, сол күні акционерлерге 32 млн доллар қайтарылғанын жеткізді.
«Бұл экономикалық және адамзат трагедиясы бүкіл әлемде орын алғандықтан таяу айларда, осы салада жеңімпаз болып қалатынымызды кепілдендіретін жедел әрі батыл шешім қабылдайтын боламыз», - деді компанияның президенті және бас атқарушы директоры Чип Берг.
Наурыздың 24-де Steelcase өкілдері компанияның Калифорния, Мичиган, Пенсильвания және Техастағы зауыттарында өндірістің қысқаратынын немесе уақытша тоқтатылатынын жеткізді. 12 000-ға жуық адам жұмыс істейтін компания басшылығы Мичигандағы қызметкерлер уақытша жұмыстан босатылатынын айтып, алайда басқа штаттардағы жұмысшылар туралы бірде-бір ақпарат таратпады. Сол күні компания акционерлерге шамамен 8 миллион доллар көлемінде дивиденд төлейтіні белгілі болды.
Ralph Lauren сынды сән әлемінің ритейлері қызметкерлерді жұмыстан босатқанымен, дивиденд төлеу туралы шешім 13 наурызда, демек коронавирустың ауқымы толығымен анықталмай тұрған кезде қабылданып қойғанын айтады.
Десе де дивидендтерді төлеу мен акцияларды сатып алудағы шектеулерге байланысты корпоративтік шешімдер күрделі сипатқа ие. Соңғы онжылдықта «акционерлік құнды арттыру» мандаты көпшілік үшін ортодоксалды мәнде өрбіді. Компаниялардың акционерлер үшін дивидендтерді қысқартуға немесе акцияларды сатып алуға байланысты уәждері көп жағдайда түсініксіз, дейді Лазоник.
Питер УОРИСКИ,
The Washington Post
Аударған:
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»