Аймақтар • 12 Мамыр, 2020

Жалдамалы жұмысшылар жарылқамайды

445 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Үйдегі сауданы базардағы нарық бұзады» деген бар. Биыл көлденеңнен киліккен коронавирус та біраз нәрсеге кесірін тигізейін деп тұр. Мысалы, жылда осы уақытта Қызылордада құрылыс қызып жататын. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан баспаналармен қатар қарапайым жұрт та үй құрылысын бастап, көктемнен басталған тіршілік қара күзге дейін бір тынбайтын. Сол құрылыстың басында көбіне-көп шетелден келген жалдамалы жұмысшылар жүретіні және рас еді. Биыл ондай қарбалас байқала қоймайды.

Жалдамалы жұмысшылар жарылқамайды

Әдетте кім болса да қаржы бар жерді үйірсектейтіні бел­гілі ғой. Ел тұрмысы түзеле бас­­тағаны сол еді бізге де жан-жақтан ағылғандарда есеп болмай кетті. Екі қолға бір жұмыс іздегендердің көбі құ­ры­лыс саласын жандандырды. Олардың арасында кімдер жоқ дейсіз? Көпшілігі – көрші Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан келгендер. Тіпті күнкөріс үшін сонау Қытайдан Сыр бойын адаспай тауып кел­гендерге де таңданған жоқ­пыз. Қайта кеңқолтық мі­незге салып, оларға мүсіркей қа­радық. Әйтеуір, осы тұста құ­рылыс компанияларының көп­шілігі бап тілемейтін арзан жұмыс күшіне жарып қа­лып еді. Соңғы 5-10 жылда облыста пайдалануға беріл­ген талай құрылыста осы гастар­байтерлердің үлесі басым еке­нін ешкім жоққа шығара алмас. Ілкімді жігіттердің біразы осы тұста жалдамалылардан бригада жасақтап, үлкен нысандарды салуға тендерлер ұтып алып жатты.

Одан беріде шетелдік жал­дамалылардың бізде жұ­мыс істеуіне ерік беретін ережелерге өзгеріс енгізіліп, бір­шама тәртіпке келтірілді. Осының өзінде де заңды айналып өтіп, жалдамалыларға же­беуші болып, сол арқылы пай­да тапқысы келетіндер жет­кілікті. Қазір шетелден ке­летіндерді облыстық поли­ция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы қатаң қадағалайды. Осы басқарма мәліметі бойынша жыл басынан бері облыс аумағына келген 2338 (2019 жылғы осы кезеңде – 9380) шетел азаматы уақытша тіркелген. Жұмыс істеуге келгендерге барлығы 2087 (былтырғы осы уақытта – 3364) рұқсат рәсімделіп, оның ішінде Өзбекстан Рес­пуб­ликасының 2050 азаматы ел аумағында еңбек етуді заң­дастырған.

ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабын бұзған 404 (2019 жылы – 1404) шетелдік анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 518-бабын бұзған 174, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ел аумағында қызметін заңсыз жүзеге асыруына жол берген 11 қазақстандыққа әкімшілік шара қолданылды. Бас-аяғы 25 шетелдік республика аумағынан шыға­рылыпты.

Қазіргідей уақытта олардың өз елдері аумағынан шыға қоюы да неғайбыл. Бұл, ең алдымен, киім мен азық-түлікті бы­лай қойғанда жұмыс күшін де шетел­ден алдыратын бізге оңай тимесі анық. Әрине, олардың кәсібі жергілікті жігіттердің де қолынан келеді. Бірақ олар­дың ақысын ауырсынған жұ­мыс беруші бәрібір шекара асып келгендерді қолай көріп тұрады. Оның үстіне гастарбайтерлерден бригада жасақтап, бизнес жасап отырғандар үшін де бұл – тиімсіз. Бірақ жал­дамалылардың шектен тыс көбеюі – жақсы құбылыс емес. Қайбір жылы Ресейдің экономикалық сарапшылары бір жылда гастарбайтер­лер еліне 10 млрд АҚШ долларын әкететінін есептеп шығарды. Жалдамалы жұмысшы қалта­сында қанша қазақ теңгесі кет­кені бір Аллаға ғана аян.

Осы күні мемлекет тарапынан халықтың экономикалық белсенді бөлігін жұмыспен қамту, мамандарды қайта даяр­лау, сол арқылы шетелден кел­гендерді ығыстыру ба­ғы­­тында біраз жұмыс қол­­ға алынды. Бізге осыны жал­­ғастыра бергеннен бас­қа жол жоқ. Нәпақа іздеп кел­­ген гастарбайтерлердің заң­­ды жиі бұзуы сырттан ағыл­ғанның бәрі жақсы ниет­­пен келіп жатпағанын көр­сетеді. Қысқасы, жалда­ма­лы жұмыс­шының жарылқа­май­тынына көзіміз жетті. Енді қо­лы алтын құрылысшыны өзіміз дайын­дайық. Қазіргі заманның да тала­бы осы.

 

Қызылорда