Қоғам • 12 Мамыр, 2020

Теріскей құрылыс алаңына айналады

137 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің «Жұмыспен қамтудың жол картасын» талқылаған отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов осылай деп мәлімдеді.

Теріскей құрылыс алаңына айналады

Жалғыз бұл бағдарлама емес «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Ауыл – ел бесігі» бағдар­лама­ла­ры­ның орындалуын қоса алған­да биыл 187 түрлі құрылыс жұмы­сын іске асыру көзделіп отыр. Облыстық бюджеттің шығыс бөлігін нақтылау барысында оған 300 млрд теңге қаражат бөлінетін болды.

Әлеуметтік нысандар құры­лысы қатарында биыл 100 мектепке жөндеу жұмыстары жүр­гізіледі. Петропавлдың Береке ша­ғын ауданында заман талаптарына сай келетін емхана са­лынбақ. Мәдениет саласының 32 нысаны күрделі және ағымдық жөндеулерден өткізіледі.

Осыған байланысты Құмар Іргебайұлы ерекше пікір білдірді. «Бұрын біз даңғарадай мәдениет үйлерін тұрғызып, оларды тек концерт көруге, жиналыс өткізуге ғана қолданып келдік. Басқа уақыттарда тек орындықтардан тұратын олар жарық, жылу, күзет шығындарын босқа шығарып, қаңырап тұратын. Міне, осындай құрылыстарды қазір спорттық шаралар өткізуге де бейімдеу керек. Олардың ішіне тренажерлер орнатып, фитнес клубтар ұйымдастыруға болады. Сонда мәдениет үйлері тиімді пайдаланылады», деді ол.

Сонымен бірге биыл 777 шақырым жол жөнделетіндігі белгілі болды. 76 елді мекенге таза ауыз су жеткізу мәселесі ше­­шіледі. Осыған байланысты жа­ңадан 6400 жұмыс орындарын ашады.

Сонымен бірге әкім нысандар құрылысының жобасын іске асыру конкурсына түсе­тін үміткерлерге талаптың күшейе­тінін жеткізді. Әрбір компания алыстан келетін жұмыскерлерге 85 мың теңге қоныстану қара­жа­тын төлеуге міндеттелетін болған.

Сонымен бірге әкім субмер­дігерлік деген болмайтынын атап айтты. «Конкурсты жеңіп алғаннан кейін әрбір компания 3 күннің ішінде жүргізілетін жұмыстың сызбасын жасауы керек. Ал оның орындалуын ха­лық арасынан шақырылған бел­сенді азаматтар, журналис­тер мен блогерлерден, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құралатын комиссия қадағалап отырады. Сызбадан ауытқыған жағдайда біз келісімшартты бірден үземіз», деді Қ.Ақсақалов.

Сонымен бірге әкім құры­лысқа 90 пайыздық отандық құ­рылыс материалдары қолдануы керектігін айтты. Соның ішінде облыс аумағындағы құрылыс материалдарын өндіретін кәсіп­орындар да бар. «Алайда осы талапты пайдаланып, кәсіпорындар өз өнімдерінің бағасын өсіріп жібермеуі қадағалансын», деді әкім.

Сөйтіп терістікте биыл құры­лыс қарқынды жүргізілмек. Ка­ран­тин режімін сақтауда облыс алдыңғы қатардағы аймақтар қа­тарынан табылып, індеттің өріс­теуіне жол бермеген еді. Ен­ді құ­рылысты да сол қарқынмен ат­қ­арса құба-құп.

 

Солтүстік Қазақстан облысы