Руханият • 12 Мамыр, 2020

Рухымызды ұлттық құндылық асқақтатады

1579 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адамды адам ететін, оның рухани дүниесі. Ынтымақтастық, құрмет, жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық, кемелдену, этика-әдеп, табандылық, отансүйгіштік, кішіпейілділік, сүйіспеншілік, жомарттық, әділдік, эмпатия, қанағат, тазалық, денсаулық, батылдық, ар мен намыс – адамның рухани дүниесіне жатады.

Рухымызды ұлттық құндылық асқақтатады

Осындай құндылықтар – бұл адам және қоғам үшін ма­ңыз­ды, адамдарға өмірдің қи­ын­­шылықтарына төтеп беруге кө­мектеседі, әлеуметтік шын­дықты реттеуге мүмкіндік береді.

ХІХ ғасырда ұлы ақын Абай­дың «бес асыл ісі» мен философ Шәкәрімнің «Үш анығында» қазақ қоғамына қажетті құн­ды­лықтарды соқырға таяқ ұс­тат­қандай түсіндіріп береді. ХХ ғасырдың басында бірлік, тәуел­сіздік, еркіндік, азаттық ұғым­дары басты құндылық болды.

Алаштың ардағы, арысы, асылы, дауылпаз ақыны М.Дулатов:

«Көзіңді аш, оян қазақ,

көтер басты,

Өткізбей қараңғыда

бекер жасты»,

деп халқын азаттыққа шақырса, ендігі бір өлеңінде;

«Бірлік жоқ, алты ауызды

халықпыз ғой,

Қатардан сол себепті

қалып­пыз ғой»,

деп бірлік пен ынты­мақтың жоқ­тығынан қазақ қоға­мының алауыз болғанына ашынады.

Бүгінде егемен еліміз Елба­сының дара жолымен кезең-кезеңмен жаңғыру үстінде ке­леді. Бірінші жаңғыруда кө­гімізде көк Байрақты жел­біретіп, Ел­таң­­­­бамызды айшықтап, Ән­­­­ұра­нымызды әуелеттік. Екін­ші жаңғыруда ұзақ мерзімді «Қа­­­зақстан-2030» мемлекеттік стра­­тегиясын қабылдап, дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. Үшін­ші жаңғыруда әлемнің 30 озық елінің қатарына қосылу мақ­сатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға кі­рістік.

Бүгінде әлем Төртінші өнер­кәсіптік революция дәуіріне қа­дам басып келеді. Жаңа техно­логиялық қалып біздің қалай жұ­мыс істейтінімізді, азаматтық құқық­тарымызды қалай іске асы­ратынымызды, балаларымыз­ды қалай тәрбиелейтінімізді тү­бе­гейлі өзгертуде.

Бүгінгі білім жүйесіне жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойына сіңірген санасы ашық, саналы азаматты қалыптастыру міндеті қойылып отыр.

Саналы азамат дегеніміз – Төртінші өнеркәсіптік революция жетістіктерін және бірнеше тілді жетік меңгерген білімді, білікті маман.

Сананың ашықтығы дегеніміз – жаһандану мен жаңа технология өмірімізге алып келген өзге­рістерді қабылдауға дайын бо­лу деген сөз.

Елбасы қоғамдық сананы жаң­ғыртуға, ұлттың рухани құндылығын қалыптастыруға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялады.

«Рухани жаңғыру» – бұл жедел әрекет емес, барлығымыздың, әсіресе қазақстандықтардың жас буынының қоғамдық санасын жаңғырту жөніндегі ұзақ, іргелі жұмыс.

Сындарлы бағдарламалы мақаланың «Туған жер», «Қазақ­станның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Жаңа адамгершілік білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Мем­­­­лекеттік тілді латын әліп­биі­­не көшіру» жобалары арқылы са­наны жаңғыртудың сара жолдары айқындалды.

Осы жобалар бойынша Ы.Ал­тынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қыз­меткерлері әзірлеген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жағдайындағы Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылы 15 сәуірдегі №145 бұй­ры­ғымен бекітілді.

Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінде тәрбиенің сегіз ба­ғы­ты берілген және оған адам бойындағы құндылықтар топ­тастырылған. Құндылықтар арқылы қоғамдық сананы жаң­ғыртудың алғашқы баспалдағы – мектеп. Қоғамдық сана мектепте қалыптасады. Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегені бүгінгі күні де өзектілігін жойған емес.

Сонымен бүгінгі күні қоғам­дық құндылықтар қандай?

«Қоғамдық сананы жаңғыр­ту аясында қазіргі заман­ғы қа­зақстандық қоғам құндылық­тары» тақырыбында кезең-ке­зең­мен жүргізілген сауалдама қорытындысы ұят, ар, намыс құндылықтары бүгінде өзекті екенін анықтап берді.

Жаһандану жағдайындағы жастардың бойынан жауап­кершілік, намыс, отансүйгіштік қасиетін көріп жүрміз. Әсіресе әлемдік ареналарда өнер көрсетіп жүрген спортшыларымыз жар­қын үлгісін көрсетуде. Бұған әлемнің түкпір-түкпірінде өткен дүбірлі додаларда орын алған жайттарды мысалға келтіруге болады.

Аз-кем аялдап, өткенге ой жүгіртейікші. 2017 жылы Ре­сей­дің Сочи қаласында самбодан өткен әлем чемпионатында, 2019 жылы Үндістанның Бангалор қаласында өткен Азия чемпио­натында, 2019 жы­­лы Араб тү­бегіндегі Әбу-Да­би қаласында каратэден әлем чем­пионатында техникалық ақау­­лар салдарынан еліміздің Әнұраны үзіліп қалған. Ар мен на­мыс сыналар сын сағатта же­ңіс тұғырында тұрған спортшыларымыз Әнұранды іліп әкетіп әуелете шырқаған. Олар­ға дүние жүзінен жиналған жарысқа қатысушылар мен кө­рермендер ұзақ шапалақ соғып спорт­шыларымызға тәнті болып, құрметін көрсеткен. Бұл сәттерде қандай құндылықтар көрініс тапты?

Біріншіден, «Отан алдындағы жауапкершілік». Спортшы ел үмітін ақтап жеңістің биігіне көтерілді. Ел мерейін асырды.

Екіншіден, намыс. Әлем алдында туған елдің рәмізін қор­лауға жол бермеді. Әділет­сіз­дікке көніп тұра беруге спор­тшы­ның намысы жібермеді.

Үшіншіден, шынайы патриотизм. Спортшының же­ңіс тұғырына көтерілуі мен жан­күйер­лер рәмізге құрмет көрсетуі жан тебіренткен көрініс.

Даңқты боксшымыз Геннадий Головкиннің өмірі толған өнеге. «Менің әкем – орыс, шешем – корей, өзім – қазақпын» деген спортшы шетелдік журналис­терге берген сұхбатында шынайы патриот екенін тағы бір танытты. Сұхбат алушы даңқ­ты боксшының ресейлік бокс­шыларға қатысты пікірін білгісі келді.

«Г.Головкин: – Мен Ресейден емеспін.

Журналист: – Қазақстан­нансыз, окей!

Г.Головкин: – Ол Ресей емес, шатастырмаңыздар».

Осы бір қысқа ғана сұхбаттан отансүйгіштік, батылдық, шын­шылдық құндылықтары көрініс тапқан.

Миллиондаған фанаттары бар отандық жұлдыздар осындай өнегесімен заманауи жастарды елжандылық, ынтымақ, бірлік, намыс, төзімділік, жауапкершілік сияқты аса қажет құндылықтарға тәрбиелеп отыр.

Тәуелсіздік жылдарында елі­мізде спортпен қатар мәде­ние­тіміз де қарыштап дамыды. Өнер­паздарымыз ел мерейін асырып, жер-жаһанға танылды.

Мәдениет әлемі – құндылық­тар әлемі. Бұл күнде дүние жүзінің дидары Димаш пен Ержанға бұ­рылғаны шындық. БАҚ бет­те­рінен, интернет желісінен ана ті­ліміздің әуезділігіне таңдай қа­­ғып, тамсанған шетелдіктерді көргенде, олардың қазақ әндерін қосыла шырқағанын естігенде төбеміз көкке жеткендей қуана­мыз. Димаш пен Ержан арқылы Ұлы даламыз ән салып тұрғандай көрінеді. Әншілеріміз әлемде қазақ халқының талғамы биік, өнерпаз халық деген ұғым қалып­тастырды десек те болады.

Қорыта айтқанда, Қазақстан­ның жарқын болашағының ірге­тасын қалайтын жастар, өс­ке­лең ұрпақтың өткені мен болашағын айқын танитын саналы, толерантты болуы тиіс. Осы тұрғыдан бiлiм беру жүйесiнің басты мін­деті – ең алдымен біл­імді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игі­ліктерді өз бойы­на біріктіріп, ұштастыра біле­тін, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалып­тасуға тәрбиелеу. Елбасы сөзі­мен айтсақ, «мықты әрі жа­уап­кершілігі жоғары Біртұтас ұлт болу» жолында мақсаты ай­қын, мұ­раты биік, саналы азамат қалып­тастыру.

 

Болат БАЙҚАСОВ,

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкері