![Еңбек пен ерлік елеусіз қалмайды](/media/2020/05/12/tild3036-6138-4966-a439-353437666136__1.webp)
1995 жылы қабылданған Заңда Чернобыль апаты зардабын жоюшыларды әлеуметтік қолдау туралы қарастырылған еді. Бірақ ол екі жылдан кейін тоқтап қалды да, біз заңы жоқ, мәселесі көп ұйымға айналып шыға келгенбіз. Атом зардабы ойыншық емес, оны жоюға қатысқандардың көпшілігі өмірден тым ерте кетті. Қазір қатарда жүргендерді де сырқат меңдеген. Осылай бола тұрса да кейде мәселемізді кімге айтарымызды білмей дағдарған кезіміз де есте. Сондықтан да жаңа Заңның қабылдануы осы саладағы барлық құқықтық әрі әлеуметтік кемшіліктердің орнын толтырды десек те болады.
Жаңа Заң бойынша біз соғыс ардагерлерімен теңестірілдік. Соған сәйкес жеңілдіктер мен көмектер белгіленген. Бұл жерде ескере кететін бір мәселе, атом зардабын жоюға қатысқан азаматтардың дені жұмыс істемейді. Кезінде зиянды сәуле кесірінен көпшілігі мүгедектікке шыққан. Бір зейнетақыдан басқа табысы жоқ. Сондықтан да арнаулы мемлекеттік жәрдемақының өскені кәдімгідей көмек.
Бұл Заңнан ардагерлердің жаңа санаттары қалыптастырылғанын көреміз. Отан соғысы, Ауғанстан соғысы ардагерлерімен қатар Тәжікстандағы, Таулы Қарабахтағы қақтығыстарға қатысқандар да Заң аясында әлеуметтік қолдауға ие болып отыр. Бұл біздің қоғамда ардагер еңбегінің елеусіз қалмайтындығын көрсетеді.
Жұмабек ШАХАТОВ,
Қызылорда қалалық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрағасы