Бұл Заң бойынша соғыс ардагерлері мен соғыс жылдары тылда еңбек еткен азаматтарымызды әлеуметтік қолдау шаралары туралы нақты заңды талаптарға сәйкес, Ауған жеріндегі ұрыс қимылдарына қатысқан, осы елге жүк жеткізу үшін жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметшілерінің, жалпы Кеңес Одағы әскери контингентінің елімізде алғаш рет соғыс ардагерлері қатарына қосылғаны қуантады.
Кеңес Одағының солақай саясатының кесірінен жат жерде бейбіт адамдарға қару кезеніп оқ атқан, тіпті, өздері опат болған, жараланған, қайбірінің қабірі жат жерде қалған қандастарымызға мемлекет тарапынан әлеуметтік шаралардың заңды түрде қолдау табуы құптарлық іс.
Чернобыль апатын жоюға қатысушы химиялық қорғаныс әскерінің қазақстандық жауынгерлері мен офицерлері «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуірдегі Заңының талаптарына сәйкес ширек ғасырдан бері мемлекеттік қолдауды көріп келді. Қабылданған жаңа заң бойынша да ол жеңілдіктер сақталды. Ең бастысы, «ауғандықтар» қатарымызға қосылды.
Дулат КЕЙКИН,
Республикалық «Чернобыль Одағы қауымдастығының»
алқа мүшесі, алматылық чернобыльдік-офицерлер одағы төрағасының орынбасары
АЛМАТЫ