Аймақтар • 12 Мамыр, 2020

Ақмоладан Мақтааралға гуманитарлық көмек жөнелтілді

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетаудан Мақтааралға алғашқы гуманитарлық көмек керуені аттанды. Игілікті шараға жергілікті  кәсіпкерлер мен тұрғындар өз үлестерін  қосты. Яғни, 3 күн ішінде 3 жарым тоннадан астам азық-түлік, киім-кешек пен тұрмыстық зат  жиналды.  

Ақмоладан Мақтааралға гуманитарлық көмек жөнелтілді

Игілікті шараны алдымен өңірдегі жүк тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілері мен өнер саласында жүрген өнерпаз жігіттер қолға алды. Олар әлеуметтік желілер  арқылы жұртты хабарландырып, арнайы есепшот ашқан. Хабарландыруға  құлақ түріп, қолдау білдіргендердің қарасы да көп болды.

– Екі көлікке тиеп күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар жіберіп жатырмыз. Жол амандығы болсын. Біз біргеміз,–дейді қала тұрғыны Айдын Райысов.

Сондай-ақ облыстық Науан Хазірет мешіті «Мақтааралға көмек» атты  қайырымдылық шарасын жүзеге асыруда. Бұл шара аясында жергілікті тұрғындардан 1 миллион теңгеге жуық қаржы жиналған. Қайырымдылық акциясы әлі де жалғасуда.

– Су апаты біздің де қабырғамызды қайыстырды. Қазір қаржылай көмек жиналып жатыр. Бұл шара мамырдың ортасына дейін жалғасады. Жиналған қаржыны Түркістан облысы мешітінің есепшотына аударамыз,–дейді облыстық «Науан хазірет» мешітінің наиб-имамы Тәкен Тұрдақын.

Жан жылуына жетер не бар?!

 

Ақмола облысы