Аймақтар • 12 Мамыр, 2020

Ақмоланың ауылдары ажарланып келеді

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығының іргесіндегі Красный Яр ауылында жол жөндеу жұмыстары жалғасуда.  Елді мекен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енген аймақтардың қатарында. Аталған бағдарлама аясында көптен қордаланған коммуналдық мәселелер оң шешімін таппақ.   

Ақмоланың ауылдары ажарланып келеді

 «Ауыл – ел бесігі» жобасының негізгі міндеті – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. Бұл дегеніміз, әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік игіліктердің қолжетімділігін арттыру және жайлы орта қалыптастыру.  

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында біздің елдімекенге осы жылы 6 бағыт бойынша 1 жарым миллиард теңге бөлінді.  Оның 4-уі жолдарды орташа жөндеу жұмыстарына, 1-уі «Көкше» мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүгізуге, тағы 1-уі жаңа қазандықтан елдімекеннің көшелері бойынша  өтетін жылу жүйелеріне бағытталды,–дейді Красный яр селосының әкімі Нұрлан Айсин.

Жоспарланған жұмыстар 5-ші сәуірден бастап іске асуда. Арнайы техникалардың күшімен 100 мың шаршы метр аумаққа  топырақ төгілді. Сондай-ақ, 79 мың шаршы метр жолдардың жартысына қиыршық тас төселді.  

– Бүгінде 6-7 көше асфальттауға дайын тұр. Аяқтау мерзімі қыркүйек айына дейін, алайда, біз оны ертерек бітіреміз деп отырмыз. Осы аптаның аяғында асфальттау жұмыстарын бастаймыз,–дейді «Көкше агроинвест» серіктестігінің инженері Руслан Байжігітов.

«Жол активтерінің сапасы» республикалық орталығымен келісім шарт жасалған. Барлық тауарлардың сапасы зертханалық әдіс арқылы тексерілуде. Жалпы, Красный Яр ауылында 24 көшеде және «Нұрлы көш» ықшам ауданында жөндеу жұмыстары жасалу қажет. Олардың жалпы аумағы 25 шақырым. Жөндеу жұмыстарына 25 маман мен 23 техника жұмылдырылған. Бұл жұмыстар 31 тамызға дейін аяқталмақ.