«Бүгінгі таңда осы мамандықтар бойынша төрт мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Жұмысшы мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Негізгі себеп – азаматтардың мамандықты дұрыс таңдамауы. Айта кету керек, «Еңбек» бағдарламасы жаңа мамандықты игеруге мүмкіндік береді. Мысалы, жұмыс берушілер өз кадрларын қысқа мерзімді кәсіптік оқыту үшін 34 мамандық бойынша жібере алады», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Макен.
Жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сәйкес, биылғы бірінші тоқсанда жұмыс іздеуге 2 713 адам жүгінді. Оның ішінде жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 1 865 адам қамтылды.
«Біз үшін түрғындардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үлкен маңызға ие. Біз бизнес үшін жеңілдікті шарттармен шағын несиелер береміз. Микрокредит көлемі 8-ден 20 млн теңгеге дейін, мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін өсті. Бұдан басқа, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға грант беріледі. Биыл 441 адамды қамту жоспарлануда. Осы мақсатта 260,3 млн теңге бөлінді. Жыл басынан бері мемлекеттік грант бөлу жөніндегі комиссия 59 жаңа бизнес-идеяны іске асыруды мақұлдап, 47 грант берілді», – деді Б. Макен.
Оның айтуынша, бұл шаралардың барлығы жаңа жұмыс орындарын ашуға және азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Жалпы елордада мемлекеттік бағдарламалар аясында 22 400 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.