Аймақтар • 12 Мамыр, 2020

Бүгіннен бастап елордада қоғамдық көліктер жүреді

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

12 мамырдан бастап елордада қоғамдық көліктің жұмысы жанданады. Автобустар сағат 07:00-ден 21:00-ге дейін жүреді. Бірінші кезеңде линияға қалалық бағдарлар шықса, екініші кезеңде қала маңына қатынайтын бағдарлар шығады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Бүгіннен бастап елордада қоғамдық көліктер жүреді

Дезинфекциялық жұмыстар бұрынғыдай жүргізіледі. Автобус жүргізушілері барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды: бетперде, қолғап киіп, антисептиктерді қолданады. Сол шараларды жолаушылар да сақтау қажет.

Елордада жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережесіне сәйкес, автобустарда жолаушыларды отырғызу алдыңғы есік арқылы, ал түсіру қалған екі есік арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ жүргізушілер билет сатуды уақытша тоқтатады. Жол жүру үшін көлік карталарын және жолақысын төлеудің балама тәсілдерін қолдануға болады. Олар SMS, QR-код және мобильді қосымшалар. Карантин енгізілгенге дейін қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 98% - ды құрады.

Бүгінгі күні елорда қоғамдық көлігінде SMS және QR арқылы төлем жасаудың келесі мүмкіндіктері бар: QR-код немесе кодты теру арқылы төлеу үшін: kaspi.kz, Homebank, SMSBUS, Рахмет, AstraBus, My Beeline, SENIM, Plus24, My Activ, OYBY. Телефон теңгерімі арқылы SMS-пен төлем жасау үшін (2505 нөміріне хабарлама жіберу): Activ/Kcell, Beeline, Tele2, Altel абоненттері үшін қолжетімді.

Карантин кезінде сатып алынған айлық жол жүру тарифтері пайдаланушылардың көлік карталарына қайта жүктеледі. Осылайша, сәуір айындағы жол жүру мамыр айына ауыстырылады. Айлық жол жүру 12 мамырдан 11 маусымға дейін жарамды болады.

Еске сала кетейік, 28 наурыздан бастап қосымша тарифтер іске қосылды. Елорда қоғамдық көлігінде 18 жасқа дейінгі балалар көлік картасы бар болған жағдайда тегін жүре алады.