Аймақтар • 12 Мамыр, 2020

Шымкентте жаңа саябақ салынып, аллеялар абаттандырылады

841 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Instagram әлеуметтік желісінде жазды.

Шымкентте жаңа саябақ салынып, аллеялар абаттандырылады

– Биыл біздің қала ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін алды. Әрине, қонақтарды наурызда қарсы аламыз деп үміттенген едік, бірақ пандемия әсерінен жоспарлар өзгерді. Дегенмен, қала келбетін көріктендіру бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Қонаев даңғылы, Иляев көшесі, Қонаев даңғылы, Түркістан көшесі қиылысындағы, Байтұрсынов ескерткіші орналасқан алаң және 8 шағынауданындағы аллеяда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңа үлгідегі жарықшамдар, ыңғайлы орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылуда, - деп жазды қала әкімі Instagram парақшасында. 

Шаһар басшысы, сондай-ақ биыл Шымкентте атқарылатын жұмыстарға да тоқталды. Атап айтсақ, Қасірет мемориалы абаттандырылып, Алатау көшесіндегі құрылыс полигоны аумағында саябақ салынбақ. Сонымен қатар, Шәмші әлемі аллеясы мен Чернобыль апатынан қаза болғандарға арналған аллея абаттандырылып, Әл-Фараби алаңы (орыс драма театрына басты кірер есік алды) қайта жаңартылмақ. Бұдан бөлек, Орталық стадион аумағындағы БТЖ Тұлпар станциясының алаңын абаттандыру жоспарда тұр.

- Бастысы, тұрғындар, әсіресе жастар атқарылып жатқан жұмыстарды бағаласа, саябақтар мен аллеялар көптеген жылдар бойы халыққа қызмет етер еді, - деп сөзін түйіндеді қала әкімі Instagram-да.