Аймақтар • 12 Мамыр, 2020

Қызылорда: Жылыжай кешені ашылды

2038 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласының іргесіндегі Махамбетов ауылынан жалпы аумағы 2 гектар болатын жылыжай кешені ашылды. «КазАгроМир» серіктестігі қолға алған жобаның жалпы құны 1 млрд 129 млн теңге. Қазір күніне 5 тонна қияр жиналатын кешен өнімін облыс орталығында орналасқан дүкендер алып жатыр.

Қызылорда: Жылыжай кешені ашылды

Кешен жұмысымен танысуға келген қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа жылыжай директоры Ғани Алматов 2 жыл көлемінде жүзеге асқан жоба жайлы жан-жақты айтып берді. Қазір 2 гектардан асатын жылыжай аумағын 2023 жылға дейін 7 гектарға жеткізу жоспарлануда. Испан технологиясымен жабдықталған жылыжай электр жарығы мен судан тапшылық көріп отырған жоқ. Тек табиғи газ бен күре жолдан кешенге жеткізетін жолдың жоқтығы сәл қиындық туғызып отыр. Қазір әр келісін 250 теңгеден бағалап, сауда орталықтарына күніне бес тоннаға жуық қияр өткізіп отырмыз. Мақсатымыз – сырттан келетін көкөністі азайтып, жергілікті өнімді көбейту. Алдағы уақытта қызанақ, болгар бұрышы, баклажан өсіруді бастаймыз. Күніне 10 тоннаға дейін қияр жинайтын да мүмкіндігіміз бар. Егер табиғи газ жетсе, өнім бағасы да арзандай түседі, – дейді жылыжай директоры.

Қала басшысы кәсіпкердің бастамасына сәттілік тілеп, мәселенің назарға алынатынын айтты.

Қазір бұдан бөлек қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінде 1 гектарлық кешен жұмыс істеп тұр. Дәл осындай 8 шағын жылыжайдың да өнімі күнделікті сауда сөрелеріне түсуде.

Жалпы биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша тағы 2 гектар аумаққа жылыжай кешені салынбақ. Оңтүстік Корея технологиясы бойынша жүзеге асатын жоба құны 800 млн теңге.

1