Қоғам • 12 Мамыр, 2020

Нұр-Сұлтанда 20 млн шаршы метрден астам аумақ дезинфекцияланды

205 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада дезинфекциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Қаланы залалсыздандыру жұмыстары бірнеше кезеңмен жүргізіледі. 20 млн.шаршы метрден астам аумақ дезинфекцияланды. Әлеуметтік нысандар, базарлар, сауда ойын-сауық орталықтары, блокпосттар және өзге де адам көп жиналатын орындарды дезинфекциялауға баса мән беріледі. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұр-Сұлтанда 20 млн шаршы метрден астам аумақ дезинфекцияланды

Сонымен қатар кварталаралық аумақтар, тұрғын үйлер, үйдің кіреберістері мен лифтілеріне дезинфекция жасалады. Сондай-ақ көшелер мен елорда магистралдары залалсыздандырылады. Елорда әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтің айтуынша инфекция ағаштарда, жолдарда және т.б жерлерде де тұрып қалуы мүмкін.

Қаланы дезинфекциялау жұмыстарына коммуналдық қызметтермен бірге Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері, ТЖД және мамандандырылған компаниялардың қызметкерлері де қатысып жатыр. Ондаған өрт сөндіру және арнайы техникалар жұмылдырылған. Дезинфекциялау жұмыстары жаяу да, арнайы машиналардың көмегімен шашу арқылы да жүргізіледі.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 11 мамырынан бастап тұрғындарға әлеуметтік дистанция мен санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, парктерге, алаңқайлар мен скверлерге баруына рұқсат берілді. Осыған байланысты аталған аумақтарда дезинфекциялау жұмыстары күшейтілді.

-Қазір адамдар серуендеуге шығып жатқандықтан біздер балалар алаңын, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін залалсыздандырып жатырмыз. Себебі ол жерлердің бәрінде адамдар жүреді. Адамдарды қорғау - біздің жұмысымыз, - деді «Астана дезинфекция» ЖШС энтемологы Айман Исина.