Нәтижесінде бюджетті оңтайландырудың жалпы сомасы 32 млрд теңгеден асты.
«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мемлекеттік және квазигосектордың өнімсіз шығыстарын қысқарту бойынша жұмыс жүргізілді. Оңтайландыру есебінен үнемделген қаражат әлеуметтік салаға бағытталды. Экономиканың нақты секторы мен инфрақұрылымды қолдауға 14,5 млрд теңге бөлінді. 3,6 млрд теңге білім беру, денсаулық сақтау салалары мен әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталды. 3 млрд. теңгеден астам қаражат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру үшін кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін беріледі. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнесті қолдауға септігін тигізеді. Бизнес-үдерістерді оңтайландырып, олардың тиімділігін арттыру, осы бағыттағы жұмысты қайта ұйымдастыру нәтижесінде 32 млрд. теңгеден астам қаражат үнемделді. «Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде үнемделген қаражат нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге, қаланың инфрақұрылымын дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, жұмыспен қамту мәселелеріне және басқа да маңызды салаларға бағытталды» деді қала әкімі Алтай Көлгінов онлайн-кеңесте.
«Астанаэнергосервис» акционерлік қоғамдығын қайта ұйымдастыру жүргізілді. Жылына 1 млрд.теңгеден астам қаражат үнемделеді. Бұл қаражат қысқы коммуналдық техниканы сатып алуға бағытталды. Биыл басшылық құрамды қысқарту есебінен қайталанатын функциялары бар 17 заңды тұлға оңтайландырылады.
Сонымен бірге әкімдік «Астана Инвест» ЖШС, «Астана Конвеншн бюро» ЖШС, «Астана энергосбытовая компания» ЖШС мен «Астана калалық Жарық» ЖШС біріктіру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар «Астана ЛРТ» ЖШС, «№1 автобус паркі» АҚ, «Жезкиик» АҚ көлік компанияларын біріктіру жоспарланып отыр. Жыл сайын бұл компанияларды ұстап-күту шамамен 700 млн теңгені құрады. Ғимараттарды жалдауға кететін шығындарды, басқа да әкімшілік шығыстарды қысқарту жергілікті бюджетті 1 млрд.теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, теннис орталығы, өзен кеме қатынасының мүлкі (қайық) сияқты шығыны көп объектілерді сенімді басқаруға беру жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін оларды күтіп-ұстауға жыл сайын 500 млн теңге қаражат жұмсалатын. Объектілерді сенімді басқаруға беру бюджет шығындарын 3 млрд теңгеге (7 жылдан 10 жылға дейін) азайтуға мүмкіндік берді. Қаланың бірқатар спорт ғимараттары да сенімді басқаруға беріледі. Осылайша, сенімді басқару 10-15 жыл ішінде жергілікті бюджет қаражатын 23 млрд.теңгеге (яғни әр жыл сайын 1,5 млрд. теңгеге дейін үнемдейді) дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.