Қоғам • 13 Мамыр, 2020

Сүйінші сұрайтын күн жақын

15597 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Елге ел қосылса құт» деген, жалпы дүние жүзіндегі демография мәселесінде халық санының соңында «нөлі» көп «дөңгелек» датаға жетуді арнайы атап өту дәстүрі бұрыннан бар. Елді елең еткізетін мұндай айтулы даталар Қазақстанда да үлкен қуанышпен аталынып өтіп келеді. 1981 жылдың 28 желтоқсанында Алматы қаласында миллионыншы тұрғын дүниеге келді. Ұлты қазақ сәбиге батыр Баукең батасын беріп, Бауыржан деген ат қойылды.

Сүйінші сұрайтын күн жақын

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Одан кейін тәуелсіз Қазақ­станда 11 миллионыншы қазақ пен 17 миллионыншы тұрғын­ның дүниеге келуі ел мерейін бір өсіріп тастады. 2012 жылдың 28 желтоқсанында 11 миллио­ныншы қазақ Түркістан облы­сындағы (бұрынғы Оңтүстік Қазақ­стан облысы) киелі Қазығұрт қойнауында дүниеге келді. Ол Мәлік пен Шолпан есімді отан­дасымыздың отбасын­дағы Мұхтар атты ер бала еді. Мұх­тардың анасы – Шолпан ауылдағы мектепте мұғалім, ағылшын тілінен сабақ береді. Мәлік – ауыл шаруашылығымен айналысады. Бау-бақша, жер өңдеу, мал бордақылау, міне, негізгі кәсібі осы. Сол кезде Мұх­тардан бөлек бір қызы, екі ұлы бар болатын. Осы мақаланы жазу барысында Мәлік Бадамбаевтың өзімен де хабарластық. «Мұхтар қазір ауылдағы Құлмат Өмір­әлиев атындағы мектептің 2 сынып оқушысы. Сабақ үлгерімі жақсы. Шүкіршілік, Мұхтар балам ақжолтай болып, одан кейін Тоқтар, Мұхаммед деген ұлдарым дүниеге келді», деп ағынан жарылды Мәлік балуан.

Ал еліміздің 17 миллио­нын­­шы тұрғыны 2013 жыл­дың 15-мамыр күні Астана уа­қытымен сағат 23:10-да дүниеге келді. Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Таскен ауылында кіндігі кесілген сәбидің туған кездегі салмағы 3 кг. 670 грамды, ал бойы 53 сантиметрді құрапты. Сансыз бабтар елі саналатын Сайрам топырағында шыр етіп, бүкіл елімізді қуанышқа бөлеген алтын ұлға ата-анасы Алтынбек деген есім берді. Алтынбектің әкесі Мұрат та жеке шаруа­мен айналысады, анасы Гүл­мира – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Алтынбектің бұған дейін туған үш ағасы бар. Яғни Нұрбек, Жәнібек және Асылбек деген балалар – атасы Есқара мен әжесі Зәбираның қо­лында өсіп, бауырында ер­ке­леп, тәрбиесін көрген, үл­кен өнегелі отбасының өрендері.

«Алла қаласа, осы мамыр айының 15-інде Алтынбек балам жеті жасқа толғалы отыр. Биыл 1-сыныпты бітіреді. Таскен ауылындағы №115 Оразбай атындағы негізгі орта мектебінде оқып жүр. Нұрбегім – студент, Жәнібегім – 10 сыныпта, Асылбегім 6-сыныпта оқиды. Балаларымыз аман бол­сын, үмітімізді ақтасын», дейді Алтынбектің анасы Гүлмира Сапарбаева.

Арада тағы төрт жыл уақыт өтті. Сөйтіп 2017 жылдың 11 мамырында Алматы облысы Талдықорған қаласында туған Мүслима Саматқызы еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны ретінде тіркелгені анықталды. Сәбидің әкесі – Самат Бестыбаев, анасы – Диана Омарханова.

«Мүслима бүгін үш жасқа толды. Ол дүниеге келгенде облыс әкімі пәтер сыйлаған болатын. Қазір Талдықорған қаласында сол пәтерде тұрып жатырмыз. Мүслимадан үлкен бір ұлым бар. Жол­дасым екеуміз мұғалім болып жұмыс істейміз» дейді Мүс­лиманың анасы Диана Омарханова.

Міне, енді берекелі, мере­к­елі мамыр айында ел тұр­ғындары тағы да жоғарғы жаққа елеңдеп, сүйінші хабар күтіп отыр. Алла қаласа, осы айда Қазақстанның 19 мил­­лионыншы тұрғыны анық­талуы тиіс. Қарап отырсақ, ел мерейін асырған Алтынбек пен Мүслиманың дүниеге келуі арасында төрт жыл уақыт өтіпті. Яғни төрт жылда 1 миллионға көбейдік. Енді бұл жолы миллионды үш жылда бағындырып, 19 миллионға жеткелі тұрмыз. Бұл еліміздің демографиялық мәртебе­сін тағы бір дәлелдеп, алтын құрсақты аналарымыздың қатары артып келе жатқанын байқатса керек. Бір жағы ел тұрмысының жақсарып қалғанын да білдіретіні анық. Елімізде Тәуелсіздіктің көк туын көтерген жылдары қазақ халқының үлес салмағы небәрі 37 пайызды құрайтын. Сол жылдары: «Қазақ өз алдына егемен ел бола ала ма, жоқ, әлде үлес салмағы басым басқа ұлттардың жете­гінде кете ме?» деген қор­қынышты сұрақтың әрбір қан­дасымыздың көкейінде тұрғаны анық. Аллаға мың мәртебе шүкіршілік, ынтымақ пен бірліктің арқасында осы дәрежеге жеттік. Міне, осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болды.

Лайым, еліміз аман, жұр­тымыз тыныш болып, халқы­мыздың саны арта берсін!