Шын мәнінде төтенше жағдайда жеке кәсіпкерлік пен бизнес саласы бұрын-соңды болмаған дағдарыспен бетпе-бет келді. Сондықтан ел экономикасының негізгі өзегіне айналған өндіріс орындары мен шағын және орта бизнес саласына мемлекеттік қолдау одан әрі жалғасын таппақ.
Мемлекет басшысының еліміздің индустрияландыру саласындағы саясатты қайта қарап, оны қазіргі әлемдік нарық пен ішкі нарықтың сұранысына икемдеу туралы тапсырмалар беруін өте маңызды шешім деп білеміз. Сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу жүйесін отандық экономикалық белсенділікті арттыру құралы ретінде пайдалану керек деген шешімі де құптарлық.
Президент азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі маңыздылығына ерекше тоқталып өтті. Пандемия ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде импортқа тәуелділікке жол беруге болмайтынын айқын көрсетіп берді. Азық-түлік – адамның басты қажеттіліктерінің бірі. Елімізде ет, сүт, ұн тағы сол сияқты халық көп тұтынатын тауар түрлерімен өз-өзімізді толық қамтамасыз ете алатындай өндіріс көлемі бар. Алайда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселесін тиісінше жолға қоя алмай келе жатқанымыз белгілі. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіретін фактор. Қазақстанның ауылшаруашылық өндіріс кешенін дамыту әлеуеті аса жоғары. Сондықтан Президент ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлуде. Ең алдымен, бұл салада кешенді стратегиялық бағдарламалар әзірленіп, жүзеге асырылуы тиіс. Әсіресе ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу өнеркәсібін дамытуды мықтап қолға алу қажет.
Ауыл шаруашылығы саласына қолдау бұдан әрі арта түспек. Осы уақытқа дейін экономикалық айналымнан тыс, мемлекеттік бақылау мен қолдаудан ада, өз бетінше дамып келе жатқан қосалқы шағын шаруашылықтар Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссиясы жүзеге асыратын шаралар шеңберінде қолға алынатын болды. Осы арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы қаншама жылдан бергі күрмеуі қиын мәселе шешімін табады деп сенеміз. Қосалқы шағын шаруашылықтардың дамуы ауылдардағы тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне де оң әсерін тигізеді деп білеміз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі тұрғындарды әлеуметтік қорғау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, салық жүйесін оңтайландыру, қаржы саласын реттеу, білім беру мен ғылымды дамыту сияқты күрделі салалардағы өзекті мәселелерді қамтыды. Бір сөзбен айтқанда, ел азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтау, табысын арттыру, бизнесті қолдау және оны дамыту, білім және ғылым жүйесін жетілдіру мәлімдеменің негізгі өзегі болды. Аталған салалардың барлығында оң өзгерістерге бастайтын нақты бағдарламалар іске қосылып, ел экономикасының пандемия тудырған дағдарыстан кейін қалпына келіп, қарқынды даму жолына түсеріне кәміл сенеміз. Мемлекет басшысы ұсынған экономиканы сауықтыру шаралары ел болашағының кепілі болары анық.
Әли БЕКТАЕВ,
«Ауыл» халықтық демократиялық партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты