Аталған акцияның екінші кезеңінде волонтерлер қатарына қазақстандық әншілер, тележүргізушілер, актерлер және т.б. өнер қайраткерлері қосылды. Нұр-Сұлтан қаласындағы волонтерлерге Тұрсынбек Қабатов, Жеңіс Сейдоллаұлы, Маржан Арапбаева және Әділ Ахметов көмектесті.
«Мен осы жерде келіп, аталған науқанға волонтер ретінде қатысып жатқаныма қуаныштымын. Мұндай қиын кезеңде жастардың халыққа үлкен жауапкершілікпен көмектесіп жатқаны қуантады. Осы пандемия тезірек аяқталғанын қалаймыз, бейбіт тіршілігімізге оралсақ дейміз. Қашанда аспанымыз ашық болып, еліміздің тыныштығы бұзылмасын деп тілеймін. Азаматтарды төтенше жағдай ережелерін сақтауға шақырамын», деді Тұрсынбек Қабатов.
Бүгінге дейін жасотандықтар республика бойынша 65 мыңнан астам отбасын әлеуметтік себеттермен қамтамасыз етті. Волонтерлер үлестіретін әр қорапта 30 килодан астам азық-түлік бар. Оған бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдері, жарма, макарон, күнбағыс майы және шай секілді тауарлар кіреді. Сондай-ақ азық-түлікпен бірге әр отбасына 50 бетперде табысталады. Бұл жұмысқа 3000-нан астам Jas Otannyń волонтері жұмылдырылды.
Тұңғыш Президент – Елбасы, Nur Otan партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Birgemiz» қоры бүгінгі таңда 152 000 аз қамтылған отбасына 50 000 теңгеден қаржылай көмек көрсетті.
Сондай-ақ қор Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының 2000-нан астам дәрігеріне
50 000 теңге көлемінде ақшалай қолдау көрсетті.