Өткен аптада Мемлекеттік комиссия 4 мамырдан бастап жұмысына кірісетін қызмет түрлерінің тізімін бекітіп, олардың санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздікті сақтауы қатаң бақылауда болатынын айтты. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Даненов» тіс емханасы комиссия бекіткендей тек алдын ала жазылумен ғана науқастарды қабылдай бастады. Тіс дәрігері Тимур Даненов өздерінің де, клиенттердің де қауіпсіздігі үшін санитарлық нормаларды ережеге сай ұстанып отырғанын жеткізді.
«Ең алдымен міндетті түрде жазылу бойынша қабылдаймыз. Қабылдаудан бұрын олардың температурасын өлшейміз. Клиникаға жазылған уақыттан бұрын келмеуін талап етеміз. Сондай-ақ олар міндетті түрде маскамен және қолғаппен келуі керек. Ең алдымен өткір және іріңді тіс ауруларын қабылдауға тырысамыз. Бізде бір төсектің аумағы 14 шаршы метр болуы керек. Ал екінші төсекке де пациент қабылдайтын болса, тағы 7 шаршы метр аумақты артығымен қосамыз. Барлық құрал-жабдықтарымыз санитарлық-эпидемиялық талаптарға сай, әр қолданылған сайын дезинфекцияланады. Ал өзіміз тек бір рет қолданылатын қолғаптарды қолданамыз. Клиникаға күн сайын дезинфекция жасаймыз. Үш сағат сайын кварц қосамыз», деген Т.Даненов карантин кезінде төтенше жағдайға байланысты берілген 42500 теңге төлемақыны алғанын, қиын сәтте мемлекеттің көрсеткен көмегіне дән риза екенін айтты.
Әсіресе карантин кезінде қырық күн бойы шаш қысқартпаған ер азаматтардың шаштаразға өте зәру болғаны анық. Сондықтан да «Ханшайым» сән салонының шаштаразшысы Ерболат Сәрсенбай бірінші күннен бастап-ақ клиенттердің өте көп болғанын айтады. Дегенмен табысты көбірек табамыз деп санитарлық талапты бұзуға болмайды.
«Бұрын да клиенттерді тек алдын ала жазылумен қабылдайтынбыз. Қазір бір-біріне кедергі болмауы үшін қабылдаудың уақытын сәл ұзарттық. Санитарлық ережелерді қатаң ұстанамыз. Салонда орындықтардың аралығы бір жарым метрден орналастырылған. Клиенттердің маска, қолғап киюін міндетті түрде талап етеміз. Күнделікті сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін ғана жұмыс істейміз. Жазылушылар күніне он адамнан артылмайды. Соңғы кісіні қабылдап болғанша шекті уақыт та аяқталады. Қазірдің өзінде кісілер 4-5 күнге алдын ала жазылып қойды. Әрбір шеберде антисептик бар. Қол ұстасып амандаспаймыз. Бас жуғанға және шаш алғанға жеке-жеке бір реттік қолғаптарды пайдаланамыз. Өзіміз де тек маскамен жүреміз. Әр клиентті қабылдаған сайын құрал-саймандарымызды дезинфекциялаймыз. Уақытымыз да шектеулі болғандықтан қазір негізінен ер кісілерді ғана қабылдап жатырмыз», дейді Е.Сәрсенбай.