Айтулы жарыстың басты бәсекесінде жеңіске жетіп, уақытша чемпион атағын иеленген жеңіл салмақтағы Джастин Гэтжи бірнеше сатыға жоғарылап, өзінің спорттық мансабында тұңғыш рет 11 орынға көтерілді. Оған есе жіберген Тони Фергюсон 13 орынға сырғып түсті. Ал үздіктер көші өзгеріссіз қалды. UFC рейтингінде жартылай ауыр салмақтағы АҚШ-тың жұлдызы Джон Джонс жеке-дара көш бастап тұр. Екінші және үшінші орындарды ресейлік Хабиб Нұрмагомедов пен америкалық Генри Сехудо иеленуде.
Сондай-ақ «ТОП-10» ережесіз жекпе-жек шеберлері қатарына Стипе Миочич (Хорватия), Исраэль Адесанья (Жаңа Зеландия), Даниэль Кормье (АҚШ), Камару Усман (АҚШ), Александр Волкановски (Аустралия), Конор МакГрегор (Ирландия) және Макс Холлоуэй (АҚШ) сынды саңлақтар еніп отыр.
Ал ертең дәл сол Джексонвиллде UFC-дің тағы бір турнирі өтеді. Бұл кештің басты жекпе-жегінде америкалық Энтони Смит пен бразилиялық Гловер Тейшейра айқасады.