Спорт • 13 Мамыр, 2020

Футзалдан әлем чемпионаты 2021 жылы өтеді

223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футзалдан осы жылдың  күз айларында Литвада жалауы желбіреуге тиіс әлем чемпионаты кейінге шегерілді. Енді ол келесі жылдың 12 қыркүйегі мен 3 қазан аралығында өтеді.

Футзалдан әлем чемпионаты 2021 жылы өтеді

Айтулы жарыстың тұсауы 1989 жылы кесілді. Нидерландта ұйымдастырылған тұңғыш турнир Бразилия құрамасының жеңісімен аяқталды. Одан кейін доп додасы тағы жеті мәрте өтті. Оңтүстік Американың оғландары тағы төрт мәрте (1992, 1996, 2008, 2012) топ жарса, Испанияның футзалшылары екі рет (2000, 2004) дара шықты. Соңғы жарыстың жалауы осыдан төрт жыл бұрын Колумбияда желбіреді. Бұл тартыста Аргентинаның асығы алшысынан түсті. Финалда олар Ресейді 5:4 есебімен ұтты. Қола медаль Иранға бұйырды.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына екі рет қатысты. 2000 жылы топтық турнирде сүрінсек, 2016 жылы бұл межеден кедергісіз өттік. Алғашқы кезеңде Аргентинаға жол бергенімізбен, Коста-Рика мен Соломон аралдары өкілдерін ойсырата ұттық. Бірақ одан әріге бара алмадық. 1/8 финалда жерлестеріміз Испанияға есе жіберді.