Облыста жалпы білім беретін 556 мектеп, мектепке дейінгі 224 ұйым және 33 колледж жұмыс істейді. Биыл дағдарысқа қарсы жоспар аясында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарлама аясында 102 білім беру мекемесі жөнделеді.
– Бұл жұмыстарға шамамен 8,8 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 94 нысанда келісім-шарт жасалды. Ал қалған білім ошақтары конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 30 нысанда жұмыс басталды. Бір нысанда жөндеу жұмысы аяқталды, – дейді облыстық білім басқармасының жетекшісі Бейбіт Жүсіпов.
Аяқталған нысандардың бірі – Жақсы ауданында. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 1,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат облыстың бес ауданындағы жеті мекемені күрделі және ағымдағы жөндеуге бағытталған. Бұдан басқа облыс орталығында үш мектепке жапсарланған құрылыс салу жұмыстары да жалғасуда.
№13 мектеп-гимзанияда басталған қосымша құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталады деп күтілуде. Осылайша облыстағы білім ошақтары жаңа оқу жылына дейін ажарланып қалмақ.