Аймақтар • 13 Мамыр, 2020

Заңсыз киік аулаған браконьер екі жылға сотталды

356 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызыл кітапқа енген жануарларды өлтірген қаскөй Қостанай қаласының 36 жастағы тұрғыны болып шықты. 

Заңсыз киік аулаған браконьер екі жылға сотталды

Былтыр «Нива» автокөлігімен Науырзым ауданындағы сүрлеу жолмен кетіп бара жатқан ол Өлеңді ауылының маңында жайылып жүрген 4 киікті көреді. Жазықсыз жануарларды қуа жөнелген «Нива» 2 киікті қағып өлтіреді.  Жанындағы жолдасымен бірге оңай олжаның еті мол ірілеуін көлігіне өңгеріп алған қылмыскер кішкентай лақты сол жерге тастап кетеді.

Абырой болғанда, қылмыскерлерді жолда кетіп бара жатқан Науырзым ауданының тұрғыны байқап қалған.  Ол бірден полицияға хабарласып, өзі «Ниваның» ізіне түседі.  Браконьерлерді көп ұзамай-ақ полиция тоқтатады.

- Көлігімен екі киікті қағып өлтірген қылмыскер орман шаруашылығына 6 млн теңгеден астам зиян келтірген. Күдіктілерге қатысты қозғалған ҚР ҚК 337 бабында көзделген «заңсыз аңға шығу» бабы бойынша қылмыстық іс аяқталып, аудандық сот қылмыскерді екі жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға кесу туралы үкім шығарды,   - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Қостанай облысы