Аймақтар • 13 Мамыр, 2020

Гуманитарлық жүк тиеген көліктер Ақтөбеден Мақтааралға аттанып кетті

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында техногендік сипаттағы төтенше жағдай орын алғаннан кейін ақтөбеліктер қиын жағдайға тап болған мақтааралдықтарға қолдау көрсету қажет деп тапты. Сөйтіп олар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, қысқа уақыттың ішінде Оңтүстік өңірге жіберілетін гуманитарлық көмек қорын жасақтады.

Гуманитарлық жүк тиеген көліктер Ақтөбеден Мақтааралға аттанып кетті

Оны жинауға Ақтөбе қалалық әкімдігінің қолдауына сәйкес AntiCovid-19 волонтерлар тобы көмек көрсетті. Осылайша Ақтөбеден Түркістан облысының Мақтаарал ауданына азық-түлік пен киім-кешек және өзге де қажетті құрал-жабдықтар тиелген 25 жүк автокөлігі аттанып кетті. Осы қайырымдылық көмекке байланысты Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров «Egemen.kz» тілшісіне өз ой-пікірін төмендегіше жеткізді.

- Мақтаарал ауданының көптеген тұрғындарының үйлерін техногендік апат кезінде су басып қалды. Сонымен бірге олардың дүние мүліктері де бүлінді. Осындай қиын кезеңде жоғарыдан ешқандай нұсқау күтпестен ауызбіршілік танытып, қолдарындағы барын бөліскен ақтөбелік тұрғындарға алғысымыз шексіз. Волонтерлер мен жүк көлігінің жүргізушілеріне де алғысымыз мол. Оларға ақ жолдарыңыз болсын демекпіз, - деді ол.