Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штабтың мәліметіне сүйенсек, Теңіз кенішіндегі мердігер мекеменің 90 адамы қауіпті індетті жұқтырыпты. Оның 83-і – әйел, жетеуі – ер адам.
«Тағы екі жағдай Атырау қаласында тіркелді. Олар – 52 жастағы әйел мен 27 жастағы ер адам. Қазір науқастармен байланыста болған адамдардың тізімі жасалып, індет ошағына дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде», - деп хабарлады жедел штаб.
Сонымен, бүгін, 13 мамырда Атырау облысында қауіпті індетке шалдыққандар саны 432-ні құрады. Оның ішінде Теңіз кенішінің 359 жұмысшысы бар.